Сайрамда 12 нысанның ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл халқын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындап шығу Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттың бірі болып отыр.
Халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылуы аудан басшысы Арман Сабитовтың жіті бақылауында. Өткен жылы аудандағы 12 нысанның ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаның іске асыру үшін аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, бүгінгі таңда нысандардың құрылысы аяқталған. Бұл туралы аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Керімбеков мәлімдеді.
– Өткен жылы Жібек жолы ауылының ауыз су құрылысы үшін облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, нысан құрылысы аяқталды. Одан бөлек 2 нысан биылғы жылға өтпелі болды. Биыл ауданда Жібек жолы ауылындағы су құбыры желісін күрделі жөндеу жұмыстары, Қарабұлақ ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы және Арыс ауылдық округіне қарасты Нұржанқорған, Қожақорған ауылдарына ауыз су құбырларын салу жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек аудандық бюджет есебінен Ақсу ауылының Сұраншы батыр көшесінің ауыз су құбырын ағымдағы жөндеу жұмыстары мен Қарамұрт және Низамабад ауылдарының ауыз су жүйелеріне жобалық сметалық құжаттары әзірленеді, — деді бөлім басшысы.
Жиын барысында бөлім басшысы аудан аумағын табиғи газ, сапалы электр желісі, абаттандыру, көгалдандыру, тұрғын үй және санитарлық тазалық бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді баяндады. Одан бөлек салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Өз кезегінде аудан басшысы Арман Сабитұлы жобаларды мерзімінде, сапалы орындау қажеттігін айтып, бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар санитарлық тазалық нормаларын бұзған азаматтардың жауапкершілігін қарау бойынша жұмыстарды жүйелеу қажеттілігі айтылды.