Сайрам: мәдениет және спорт салаларының жұмысын қатаң сынға алды

0

Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен аудандағы мәдениет және спорт саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы межеленген жоспарларды талқылауға қатысты мәжіліс өтті. Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Даулетхан Алашбаев  баяндама жасады.

– Қазіргі таңда аудан бойынша 32 мәдениет ошағы халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Оның ішінде 39 үйірме жұмыс істеуде. Жалпы мәдениет ошақтарында өткен жылы жоспарлы және жоспардан тыс 331 мәдени іс-шаралар мен өнер байқаулары  өткізілді. Сонымен қатар ауданда 10 спорт мекемелері тіркеліп жұмыс істеуде. Аталған спорт мекемелерде 18 спорт түріне 7 080 спортшылар қатысуда. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен жылы спорт мекемелері және демеушілер тарапынан 158 іс-шара өткізілген, — деді бөлім басшысы.

Аудан басшысы алдымен мәдениет саласындағы жұмыстарға тоқталып, рухани-мәдени орталықтарының жұмысының өз деңгейінде жүргізілмей жатқандығын қатаң сынға алды. Бұл бойынша аудан орталығымен қатар барлық ауылдық округтерде жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Мұнан соң спорт саласына тоқталып, мұндағы жұмыстарыңыздың басты көрсеткіші – спортшылардың жетістіктерімен бағаланатындығын айтты. Осы орайда бөлім басшысына ауданда ұлттық спорт түрлерін дамыту, қатысушылардың үлесін арттыру, тұрғындар арасында кеңінен насихаттау бағытында да нақты тапсырмалар берді.

– Қай кезеңде де елдің атын шығаратын мәдениет пен спорт екені баршамызға белгілі. Жалпы атқарылған жұмыстарды жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен алдағы жоспарларыңыз көңілімнен шықпады. Өз салаларыңыздағы мәселелерді толыққанды зерделеп, маған ұсыныңыздар. Орталықтағы мәдениет үйін жөндеуден өткізу бойынша құжаттамаларын әзірлеңіздер, — деді аудан басшысы Арман Сабитұлы. 

Мәжіліс соңында аудан басшысы тиісті сала басшылары мен әкімдерге барлық мәдениет үйлері мен клубтардың, спорт мектептері мен кешендердің аумақтарында санитарлық-тазалық, абаттандыру жұмыстарын ұдайы жүргізуді тапсырды.


ПІКІР ЖАЗУ