Алаяқтық жасауға арналған 57 sim-box құрылғыcы анықталды

Жыл басынан бері ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлінісі ҰҚК, «Қазақтелеком» АҚ және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, алаяқтық жасау үшін пайдаланылған 57 sim-box құрылғысын анықтады. Әртүрлі ұялы операторлардың 38 мыңнан астам тіркелмеген sim-карталары тәркіленді.
ІІМ sim-box құрылғылары арқылы фишингтік sms-хабарламалар мен жалған қоңырауларды жасайтын қаскөйлердің заңсыз әрекеттерін болдырмауға ерекше назар аударады.
Алынған мәліметтердің көмегімен алаяқтар азаматтардың банк шоттары мен жеке аккаунтарына қол жеткізе алады. Ағымдағы жылдың наурыз айының бірінші онкүндігінде полиция қызметкерлері осындай төрт фактіні анықтады.
Астанада шетелдік азамат ұсталды. Ол ел аумағында алаяқтық жасау үшін желіге қосылған sim-box құрылғысын автокөлікпен тасымалдаған. Тінту барысында 128 слоты бар екі sim-box, қазақстандық ұялы операторлардың 19 sim-картасы және компьютерлік техника тәркіленді.
Сондай-ақ заңсыз ұялы байланысқа қатысы бар елордалық екі тұрғын ұсталды.
Тінту барысында екі sim-box және компьютерлік техника тәркіленді. Аталған құрылғыларды заңсыз сақтағаны және пайдаланғаны үшін Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Күдіктілер қылмыстық схемалар арқылы апта сайын мың долларға жуық криптовалютамен заңсыз табыс тапқаны анықталды.
Барлық күдікті адамдар қамауға алынды. ІІМ азаматтарды мұқият болуға және күмәнді ұсыныстар туралы полицияға дереу хабарлауға шақырады.