«Қоян аулау небәрі 177 теңге». Депутат аңшылыққа төлейтін салықты өсіруді ұсынды

0

 Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда аңшылыққа төленетін ақыны бірнеше есе көтеру керек деген ұсыныс айтты. Оның айтуынша, қазіргі кезде аңшылықтың құны тым төмен, бұл халықтың табиғатқа немқұрайлы қарауына әкеліп соғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мысалы, қоян аулау құны небәрі 177 теңге. Бұл дүкендегі бір бөтелке суға қарағанда арзан. Бірақ бір оқтың бағасы 500 теңге. Мұндай жағдай халықтың табиғатқа деген құрметін төмендетеді, — деді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстанға көрші елдерден туристер көп келеді және олар заңмен тыйым салынбаған жануарларды арзан бағаға атып алады. Бұл мәселені шешу қажет деп есептейді депутат.

Аңшылық жауапты таңдау болуы керек, арзан көңіл көтеру емес. Аңшылық байлардың қызығушылығы болуы тиіс. Сондықтан Үкіметті барлық бағаны қайта қарауға және бюджетке түсетін кірістерді арттыруға шақырамын, — деді ол.

Депутаттың айтуынша, бұл сала халықаралық деңгейде элиталық қызмет көрсету элементтерімен дамытылуы мүмкін. Мысалы, Африкада аңшылық өте қымбат туристік қызмет және ол елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) елеулі бөлігін құрайды.


ПІКІР ЖАЗУ