Депутат бухгалтерлерге тапшылық болатынын айтты

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков ҚҚС төлеушілерінің саны артатын болса, жаңа салық төлеушілердің бухгалтерлік қызмет көрсету мәселесі туындайтынын айтты. Ол жаңа ережелерге сәйкес есепке қою шегінің төмендеуі бизнес үшін қосымша қиындықтар туғызатынын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шекті төмендеткеннен кейін ҚҚС-мен жұмыс тәжірибесі жоқ көптеген кәсіпкер қосымша шығындарға ұшырайды. Оларға бухгалтерлік есеп жүргізу, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және есептілікті дұрыс жасау үшін қосымша қаражат жұмсауға тура келеді. Алғашқы кезеңде мұндай кәсіпкерлер декларация тапсыруда қателіктер жіберуі мүмкін. Қазіргі таңда шамамен 7 кәсіпкерге 1 бухгалтерден келетін болса, жаңа салық төлеушілер бұл қызметті қайдан алады? — деп сұрады депутат.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл мәселеге жауап ретінде ҚҚС бойынша шекті мөлшер 40 миллион теңге болып бекітілгенін және жаңа салық төлеушілер санының азаятынын мәлімдеді.
ҚҚС төлеушілерінің саны азаяды. Арнайы салық режимі бойынша өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл тізім ашық болмайды. Халықпен жұмыс істейтін және шалғай жерлерде қызмет көрсететін кәсіпкерлер ҚҚС төлеушісі ретінде тіркелмейді. Арнайы рұқсатнама немесе лицензиясы бар кәсіпкерлер ғана ҚҚС төлеушісі болады. Олар міндетті түрде есептілік жүргізеді, — деп атап өтті Ержан Біржанов.
Еске сала кетейік, осыған дейін ҚҚС бойынша шекті мөлшерді төмендетсек, бюджетке 400 млрд теңге шығын келетіні туралы жазғанбыз. «Сән-салтанат салығы» деп аталатын тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салу туралы да айтылды. ҚҚС мөлшері қанша болатыны да белгілі болды.
Мәжілісте салық реформасынан қанша пайда түсетіні де айтылды. Сондай ақ енді кез келген адам ИП аша алмайды.
Ал үй жанындағы дүкендер салық төлемейтін болды.