Павлодарлық жас футболшылар апатқа ұшырады: тың мәліметтер белгілі болды

0

 ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Павлодар – Астана тас жолындағы жол-көлік оқиғасына байланысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, жекеменшік футбол мектебінде жаттығатын балалар тобы 2011–2012 жылы туған командалар арасындағы балалар турниріне қатысу үшін Астанаға жол тартқан. Сапар алдында балалардың ата-аналары олардың жарысқа қатысуына және жол жүруіне келісім беріп, бұл келісім WhatsApp мессенджеріндегі ортақ чат арқылы расталған.

Алайда, балаларды тасымалдаған жекеменшік футбол мектебінің өкілдері бұл туралы жергілікті әкімдік пен құқық қорғау органдарына алдын ала хабарламаған.

– Бұған дейін Балалардың құқықтарын қорғау комитеті барлық жергілікті атқарушы органдарға балаларды тасымалдауды ұйымдастыру тәртібі жөнінде арнайы нұсқаулықтар (алгоритм түрінде) жолдаған болатын. Аталған құжаттарда еріп жүруші тұлғалардың жауапкершілігі, көлік құралдарының техникалық жай-күйі, қажетті құжаттардың болуы және тасымалдау тәртібі нақты көрсетілген, – делінген хабарламада.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, қазіргі уақытта 16 баланың 15-і үйіне оралды. Бір бала бүгін санитарлық авиация арқылы Павлодар қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, тұрғылықты жері бойынша ем қабылдауды жалғастырады.

Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі зардап шеккен баланың анасымен тұрақты байланыста.

Ақмола облысында Павлодардан шыққан балалар футбол командасы жол апатына ұшырады. Оқиға 18 сәуір күні «Астана – Ерейментау – Шідерті» тасжолында болды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Mercedes маркалы шағын автобус жүргізушісі жүк көлігін басып озу кезінде көлікті аударып алған. Автобуста 14-16 жас аралығындағы 16 бала мен олардың бапкері болған. Апат салдарынан бапкер оқиға орнында көз жұмды.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жеке спорт мектебінің басшылығы полиция қызметкерлерін хабардар етпей, балаларды жарысқа жібергені анықталды. Осыған байланысты патрульдік көліктердің ілесіп жүруі ұйымдастырылмаған. Бұл жайт бойынша да тексеріс жүргізіліп жатыр


ПІКІР ЖАЗУ