Атырауда қарақұрт қаптады

Атырау облысының Индер ауданында тағы да қарақұрт қаптады. Тұрғындар жыл сайын шығатын улы жәндіктің кесірі төрт-түлікке тиеді деп алаңдаулы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр облыста осы қарақұрттың кесірінен 17 бас түйе қырылған. 5 жылқы мен 8 бас ірі қара да арам қатты. Зиянкестер адамды да шақты. Сондай 13 адам дер кезінде дәрігерлер көмегін алып, ем қабылдағасын ғана аман қалды. Шаруалар биыл да үрейлі.
Биыл да қарақұрттан қауіптеніп отырмыз. Зиянын тигізбей қоймайды. Былтырдың өзінде қарайған мал өлді. Үкімет тарапынан ешқандай шара алынбай тұр. Өзімнің де қожалығым бар. Әлеуметтік желіден көріп отырған боларсыздар қарақұрт жер-жерде жүр. Ауылдың ішіне дейін кіріп кеткен. Малға ғана емес адамға да кесірі бар. Шарасын алу керек. Жерді улау керек. Бұрындары дезинфекция жасалатын еді. Қазір ол да жоқ. Қазір ешқандай көмек жоқ. Осыған назар аударылса деп сұраймыз,-дейді шаруалардың бірі Жексенғали Өмірәлиев.
Әзірге биыл облыста қарақұрт шағу дерегі тіркелмеген. Дегенмен тұрғындар сондай жағдайдың алдын алуға қамдану керек дейді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, жұқпалы аурулар санатына жатпайтындықтан қарақұрт шаққан малдың емі иелерінің есебінен жүргізіледі.
Индер ауданы бойынша 2025 жылдың осы кезеңіне қарақұртпен шағу фактісі тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органның ұйымдастыруымен қарақұрт ошақтарын жою, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Көтеріліп отырған мәселе бойынша аудан әкімдігі тарапынан қарақұртты аса қауіпті зиянкес ретінде реестрге тіркеу шараларын қабылдау үшін Атырау облысы әкімдігі менен салалық басқармаларға ұсыныстар жолданды,-дейді Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов.