Мұғалімдерге ҰҚК мен Антикордан хабарласып жүр. Министрлік түсіндірді

Қазақстанда соңғы күндері мұғалімдерге белгісіз нөмірлерден WhatsApp арқылы қоңыраулар түсіп, түрлі хабарламалар келіп жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
stopfake.kz-тің жазуынша, қоңырау шалушылар өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері ретінде таныстырып, білім беру мекемелеріне қатысты тексерулер басталғанын айтқан. Алайда ҚР Оқу-ағарту министрлігі бұл ақпараттың жалған екенін ресми түрде растады.
Құрметті педагогтер! ҰҚК мен Антикор тарапынан барлық білім беру ұйымдарын жаппай және жоспардан тыс тексеру жүргізілетіні жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл — алаяқтардың ісі. Сіздерді тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырамыз, — делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомство білім беру саласындағы тексерулердің заңнама аясында, нақты тәртіпке сәйкес қатаң түрде жүргізілетінін түсіндірді. Қазіргі қолданыстағы жүйе бойынша мемлекеттік бақылау мен тексерулер мынадай форматта жүзеге асады:
- Біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру (БТС) — лицензияланған қызметтерге қатысты жылына кемінде бір рет.
- Барып профилактикалық тексеру — тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жарты жылда бір рет.
- Бармай профилактикалық тексеру (мемлекеттік аттестаттау) — бес жылда бір рет.
- Жоспардан тыс тексерулер — тек азаматтардың ресми шағымдары немесе құқық қорғау органдарының тапсырмасы негізінде ғана жүзеге асырылады.
Министрлік мұндай тексерулер тек жекелеген мұғалімдерге емес, бүкіл білім беру ұйымдарына қатысты жүргізілетінін ерекше атап өтті.
Баршаңызды алаяқтардың әрекетіне ермеуге, сақ болуға және тек ресми хабарламаларға сенуге шақырамыз, – делінген Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдемесінде.