Шегірткемен күреске 350 млн теңге бөлінген

Атырау облысында биыл шегірткемен күресу мақсатындағы жұмысқа 350 млн теңге бөлінген. Ол қаржыға 65 100 гектар жерді өңдеу жоспарланған. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр Атырау облысындағы егіс алқабының біраз бөлігін тасқын су шайды. Егістікке дайындалған 4 мың гектар жер де ағынның астында қалды. Енді биыл қалған аумақты, дақылды зиянкестер отап тастамауы үшін жауаптылар қазірден жұмысқа кірісті. Егілген өнімге әсіресе шегірткенің зияны көп. Сондықтан онымен күреске республикалық бюджеттен 350 млн теңге бөлінді. Мамандардың сөзінше шегірткенің дернәсілдері 1-25 мамыр аралығында оянады. Сол себепті қазір тиісті компанияны анықтап қойған. Қызметкерлер 65 100 гектар жерді химиялық өңдеуден өткізеді.
Атырау облысында былтыр оның алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есе көп шегіртке болады деп болжанған. Биыл әлдеқайда аз. Бірақ шегірткенің зиянын ескеріп, химиялық өңдеуді жүргізу міндетті. Бұл жұмыс Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға, Индер аудандары мен Атырау қаласының маңындағы ауылдық округтерде жүргізіледі. Улау шамамен осы айдың үшінші онкүндігінде басталып, маусым айының аяғына дейін жалғасады. Өз мерзімінде, сапалы түрде орындалады,-дейді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Индира Құмашева.
Атырау облысында шегірткенің италияндық және азиялық түрі кездеседі. Азиялық шегіртке көбіне қамыс арасында, сулы жерде мекендесе, италияндық шегіртке жайылымда, қырда, егістікте жүреді екен.