Түркістан облысында репродуктивті денсаулық апталығы басталды

Бұл туралы брифингте ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Баян Жандосова мәлімдеді. Оның сөзінше, 2025 жылдың 12-18 мамыр аралығында еліміз бойынша халықтың «Репродуктивті денсаулығын қорғау» апталығы деп жарияланған. Осы ретте, Түркістан облысына қарасты Түркістан, Кентау қалалары мен Бәйдібек ауданында жүктілікке дейінгі денсаулық пен отбасын жоспарлау бағытында іс-шаралар өтеді. Жалпы шаралар халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау және отбасын жоспарлау мәселелері бойынша ақпараттық-ағарту жұмыстарын күшейту мақсатында өткізіледі.
«Түркістан облысы республикада бала туу көрсеткіші бойынша көш басында. Екі миллионнан аса тұрғыны бар облыста өткен жылы 50 214 мыңға жуық нәресте туылса, соңғы 4 айда 15 094 мың бала өмірге келген. Ал, облыстағы фертильді жастағы яғни, бала туу жасындағы әйелдердің саны — 453 235. Оның ішінде жүкті әйелдер – 42 788, қауіпті факторлармен қауіп-қатер тобындағылар — 12 745, экстрагениталды ауруларымен ауыратындар — 4 348, абсолюттік қарсы көрсеткіштері бар — 617. Сонымен қатар, Түркістан облысы бойынша 2024 жылы жатыр мойнының обырымен «Д» есепке – 132 әйел алынған. Соның ішінде 3-4 дәрежесімен 14 жағдай тіркелсе, 30 жағдайы өліммен аяқталған»,- деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысының «Ана мен бала денсаулығын қорғау ісі» жөніндегі орынбасары Мадина Ережепқызы.
Бұдан бөлек, брифингке қатысқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Назым Жанғазинова мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс «Ерте жүктілік бойынша» және «Адам папиллома вирусына қарсы» иммунизациялау бойынша жауапты координатор маманы Замира Өтегенова «Репродуктивті денсаулығын қорғау» апталығының маңыздылығына тоқталды.