Тарақандарға шағымданғаннан кейін аурухананың балалар бөлімі жабылды

Қырғызстанның Ош облысындағы Өзген аудандық ауруханасының балалар бөлімінде емделіп жатқан балалардың ата-аналары мекемедегі тарақандарға шағымданған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ата-аналар Kaktus.media сайтының Call-орталығына хабарласып, аурухана палатасында өріп жүрген тарақандар туралы шағым түсірген.
Өзгендегі балалар ауруханасы тарақандарға толып кеткен. Тазарту туралы өтінішімізге жауап ретінде балаларға бас киім кигізіп, құлақтарына мақта тығып қоюды айтты. Бүгін ғана балаларымды алып келген едім, енді оларды кері алып кетуге мәжбүрмін, – деп ашуланды бір ата-ана.
Өзген аудандық ауруханасы Kaktus.media сайтына балалар бөлімінің уақытша жабылғанын хабарлады.
Бірінші кезеңдегі дезинфекция және дератизация жүргізілді. Екінші кезең 18 мамырда өтеді. Бөлім 21 мамырда қайта ашылады. Науқастар уақытша басқа бөлімдерге ауыстырылды, – деп жауап берді медицина мекемесі.