Алматыдағы зоосаябақта түйеқұсты теуіп, жануарларды үркіткен ер адам іздестіріліп жатыр

2025 жылдың 25 мамырында Алматы зоосаябағында келеңсіз жағдай орын алды. Келуші қауіпсіздік ережелерін бұзып, қоршаудан асып өтіп, түйеқұсты аяғымен тепкен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматыдағы зоосаябақта 25 мамыр күні сағат 18:00 шамасында келеңсіз жағдай тіркелді. Қауіпсіздік ережелері мен «қоршаудан өтуге болмайды» деген нақты ескертулерге қарамастан, бір келуші тәртіп бұзған.
Зоосаябақ қызметкерлерінің айтуынша, ол қоршаудан асып өтіп, түйеқұсты аяғымен теуіп, жануарларды әдейі үркіткен. Оқиға куәгерінің бірі бұл сәтті телефонға түсіріп алған.
Бұл – жабайылық. Жануарлар – ойыншық емес. Олар тірі, сезеді, қорқады, күйзеліске түседі, ауырсынады. Егер жануарларға жанашырлығың жоқ болса – оларға жолама! Мазалама! Зиян келтірме!, — деп мәлімдеді зоосаябақ әкімшілігі.
Зоосаябақ басшылығы бұл әрекеттің заңды бағасын беру үшін құқық қорғау органдарына жүгіну мүмкіндігін қарастырып жатыр. Әзірге олар видеоға түскен адамды таныған жағдайда хабарласуды сұрайды.
Жануарларға құрмет – адамгершілік белгісі. Әрбір келуші зоосаябақтағы тәртіп пен ережелерді қатаң сақтауы тиіс, — деп қорытындылады зоосаябақ әкімшілігі.