«Қазатомөнеркәсіп» басшысы уранды арзан сатып, өзіне 9 млн теңге сыйақы алған

0

 Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы коммерция жөніндегі бас директоры Асқар Батырбаевқа қатысты үкім шығарды. Ол лауазымын асыра пайдаланып, мемлекетке миллиардтаған теңге шығын келтірді деп танылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сотта анықталғандай, 2021 жылы Асқар Батырбаев төмендетілген бағамен уран сату бойынша 3 келісімшарт жасап, мемлекетке 16,5 миллиард теңге шығын келтірген.

Кейін 2021-2022 жылдары тағы 10 келісімшарт жасап, қосымша 3,6 миллиард теңге шығынға себеп болған. Осы 13 келісімшарттан ол шамамен 9 миллион теңге бонус түрінде сыйақы алған.

Сот барысында тараптар не талап етті?

Сот барысында прокурор кінәлі деп танылған  Асқар Батырбаевты бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұрады. Жәбірленуші тарап болса, 20 миллиард теңгеден астам шығынды өндіруді талап етті. Ал сотталушы кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған.

Соттың шешімі қандай болды?

Батырбаев мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, Президентке оны «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалінен айыру туралы ұсыныс жолданды, — делінген Астана қалалық сотының хабарламасында.

Жәбірленушінің азаматтық талап арызы қанағаттандырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


ПІКІР ЖАЗУ