Шетелден жұмыс іздеген қостанайлық әйел алаяққа 600 еуро аудармақ болды

Полиция алаяққа 600 еуро аудармақ болған қостанайлық әйелдің ақшасын сақтап қалды. Шетелге жұмысқа орналастырмақ болған алаяқ одан 600 еуро талап еткен, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қостанай облысында киберполиция мен банк қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында жергілікті тұрғын ірі көлемдегі қаржысынан айырылып қалудан аман қалды.
Әлеуметтік желі арқылы жұмыс іздеген әйел Facebook платформасында Польшада жоғары жалақы төленетін бос жұмыс орны туралы хабарламаға жауап берген. Жұмыс беруші ретінде өзін таныстырған алаяқ хабарласқан бойда құжат рәсімдеу үшін 600 еуро көлемінде алдын ала төлем жасауды талап еткен.
Күдікті қаржылық транзакцияны байқаған банк мамандары киберполицияға жедел хабар берген. Нәтижесінде ақша аударымы уақытылы тоқтатылып, алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қойылды.
Әлеуметтік желілер арқылы, әсіресе шетелде жұмыс іздеп жүрген азаматтарды алдау жиілеп кетті. Мұндай жағдайда азаматтар аса мұқият болуы қажет. Ақпараттың рас-өтірігін тек ресми дереккөздерден тексеріп, күдікті жағдайлар туралы бірден полицияға хабарлаған жөн, — дейді облыстық полиция департаменті.
Қазір бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер тұрғындарды бейтаныс адамдарға ақша аударудан сақ болуға және кез келген күмәнді әрекетке байыппен қарауға шақырады.