Бұралқы иттерді аулауға және жоюға 129 млн теңге бөлінген

Атырауда бұралқы иттер саны азаяр емес. Көше кезген төрт аяқтылар жыл сайын ауланып, жойылып жатса да, оларға шағымданатындар көп. Қазір қалада бұл жұмыспен екі мердігер компания айналысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала тұрғыны Динара Орынтаева Жайық жағасында жүгіргенді жақсы көреді. Спортпен кейде таңғы уақытта, кейде кешке шұғылданады. Сөзінше, жүгіруге шыққан мезгілде топтасып жүрген иттерді жиі кездестіреді. Жануарлардың кесірінен далаға балаларын да шығаруға қорқады екен. Сол себепті төрт аяқтылардың санын азайтса деп тілейді.
Шынымен қорқынышты. Балалар түгілі ересектерге қауіпті. Жүру мүмкін емес. Дүкенге барсаң да, серуенге шықсаң да сол проблема. Қаланың көркін де бұзады. Себебі иттер әдемі гүлдерді де таптайды. Қоқысты да шашып кетеді. Қалада сол итке қанша адам таланды осы уақытқа дейін. Бірақ ештеңе өзгермейді, — дейді тұрғын Д. Орынтаева.
Жауаптылар иттің бәрін ату не жою мүмкін еместігін айтады. Тек агрессия көрсететіндері ауланады. Қалғандары ұсталып, залалсыздандырылып, ортаға қайта жіберіледі.
Бұралқы иттерді аулау және жою жұмысына биыл облыстық бюджеттен 129 млн теңге бөлінді. Конкурс арқылы екі мердігер компания анықталып, қазіргі таңда тиісті шаралар жасалып жатыр. 9100 қаңғыбас жануарды аулап, жою және 770 итті биозарарсыздандыру жұмыстары жоспарлануда, — дейді Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Асланбек Шәріпов.
Ветеринар мамандардың сөзінше, 2025 жылдың басынан бері облыс орталығында 3000-ға жуық бұралқы ит ауланған. Алайда халықтың дені жасалып жатқан жұмыс көзге көрінбейді деген сөзінен танбайды. Оған көшеде қаптаған бұралқы жануарлар дәлел деп отыр.