Жарыққа төлем артады – министрлік себебін айтты

0

 Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына әсер ететін негізгі факторларды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер жылу және электр тарифтерінің өсу ықтималдығын сұрағанда, вице-министр бұл мәселенің бір бөлігі Энергетика министрлігінің құзыретіне кірмейтінін атап өтті.

Біз тек генерация деңгейіндегі, яғни электр энергиясын өндіру кезеңіндегі тарифтерді бекітеміз. Өсім болады, бірақ жылына бір рет – 1 ақпанда. Демек, келесі тариф өзгерісі 2026 жылғы 1 қаңтардан ерте болмайды. Тек төтенше жағдайлар, мысалы, көмір бағасы күрт өскен жағдайда ғана қаралуы мүмкін, – дейді Сұңғат Есімханов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет отырысында Энергетика вице-министр Сұңғат Есімханов жылыту маусымында ірі апат тіркелмегенін атап өтті. Оның сөзінше, жылу желілерін жөндеуге 100 миллиардқа жуық қаржы қажет.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев инженерлік желілердің жартысынан көбі тозғанын айтты.

Белгілі болғандай, Арқалық, Сәтбаев және Маңғыстауда жылу станцияларын жөндеу кешеуілдеп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов жылу көздерін жаңғыртуда кешіккен өңірлерді сынға алып, бұл жұмысқа немқұрайлы қарауға жол берілмейтінін ескертті.


ПІКІР ЖАЗУ