Қазақстан мен Өзбекстан мұрағат саласын цифрландырудан тәжірибе алмасады

0

Қазақстан мен Өзбекстан мұрағат саласын цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келісті. Екі елдің тамыры тереңде жатқан мәдени, тарихи байланысын енді түрленген фотоқұжаттардан көруге болады. Бұқара қаласында Қазақстанның Өзбекстандағы архив күндері өтті. Ғылыми практикалық конференция ұйымдастырылып, құнды деректер қамтылған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қазақстан мен Өзбекстанның мұрағат саласындағы байланысы бекем. Тарихшылар енді екі елдің архивтеріне кіріп, жұмыс істеп, құпия құжаттармен таныса алады. Былтыр Қазақстанда Өзбекстанның архив күндері өткен.

Ал биыл игі шара Бұқарада жалғасты. Ибраим Бабаев, ҚР Мемлекеттік мұрағат комитеті басқармасының басшысы: — Кезінде мәдени мұра бағдарламасы бойынша архив-2025 бойынша Қазақстанның кешенді жоспарлары соның шеңберінде архивтік құжаттар алынған болатын. Бұдан кейін де көптеген маңызды шаралар жалғасын табатын болады. Көрмеге қойылған фото құжаттарда қазақ пен өзбектің 20-ғасырдан бергі тарихы баяндалады. Алаш қайраткерлерінің Ташкенттегі өмірі мен баспаға шыққан еңбектері көпшілік назарына ұсынылды.

Анваржон Алиев, «Узархив» агенттігі ақпарат бөлімінің жетекшісі: — Қазақстанмен мұрағат саласында жақсы қарым-қатынас орнатылған. Мәселен, былтыр Қазақстанда Өзбекстанның архив күндері өтті. Болашаққа да жоспарлаған жобаларымыз бар. Екі елдің ғалымдары үшін архивтерге кіріп, құжаттармен танысуға, ақпарат алмасуға мүмкіндік жасалған. Әлбетте бұл бастамалар өз жемісін де беріп жатыр. Былтырдан бері бірнеше кітап жарық көрді. Екі ел мұрағатшылары 2023-2026 жылдарға арналған іс қимыл жоспары аясында бірнеше жобаны қолға алған. Соның бірі архив құжаттарын цифрландырып, заманауи қалыпқа келтіру. Бұл жұмыстарды келер жылы жүзеге асыру көзделіп отыр.

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/725954-kazakstan-men-ozbekstan-muragat-salasyn-cifrlandyrudan-taziribe-almasady


ПІКІР ЖАЗУ