Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі

Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба аясында жылу желілерін, су құбырларын және электр желілерін жөндеу мен салуда отандық өнімдерге басымдық беріледі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, сатып алу қызметіне ауқымды талдау жүргізілген. Нәтижесінде жалпы сомасы 2,24 трлн теңгеге жуық 2,8 мыңға жуық тауар позициясы анықталып, еліміздің әр өңірінде 660-тан астам мердігер белгіленді.
Сатып алу бірнеше салаға бөлінеді:
— жылумен жабдықтау – 1 559 позиция, 1 665,4 млрд теңге;
— сумен жабдықтау – 341 позиция, 354,7 млрд теңге;
— су бұру – 444 позиция, 128,3 млрд теңге;
— электрмен жабдықтау – 442 позиция, 91,6 млрд теңге.
Сонымен қатар, аталған қажеттілікті жаба алатын 220 отандық өндірушілерден құралған пул жасақталды.
— Отандық тауар өндірушілерді дамыту импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ бюджетке салық түсімін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Тимур Қосымбаев.
Еске сала кетсек, 2025 жылғы 25 шілдеде Президент көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған құжатқа қол қойды.
Артынша аталған заң аясында еліміздің энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртудың ауқымды жоспарына шолу жасаған едік.