Биыл Жамбыл облысында балалар арасында суицид жиілеп тұр

Жамбыл облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды жергілікті прокуратура.
Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен осы мәселе бойынша мекемеаралық кеңес өтті.
Ағымдағы жылы өңірде суицид жасау әрекеттері азайғанымен, аяқталған жағдайлардың өсуі байқалады. Балалар арасындағы оқиғалардың себептері мен жағдайларын терең талдау мақсатында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылды.
Білім беру ұйымдарына білікті мамандар мен психологтар тартылып, бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленді. Сонымен қатар, анонимді сауалнамалар жүргізіліп, оқушылар арасындағы тәуекелдер туралы объективті деректер жиналды.
Арнайы топ жылдың басынан бері тіркелген барлық жағдайларды сараптап, кейбір балаларда ойынға тәуелділік, басқаларында қарым-қатынаста қиындықтар болғанын, ал бірқатар оқиғаларда себептердің анықталмағанын мәлімдеді.
Осыған байланысты облыс прокуратурасы уәкілетті органдарға кәмелетке толмағандардың онлайн-ойын бизнесіне қолжетімділігін шектеу жөнінде ұсыныс енгізді.
Психологтардың жұмыс тәсілдері де қайта қаралып, орташа және жоғары деңгейдегі тәуекел тобындағы балаларды анықтап, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, Байзақ ауданында орын алған суицид жағдайларын зерттеу үшін арнайы топ жұмыс істеп жатыр. Кеңестің қорытындысы бойынша нақты индикаторлары бар Жол картасы қабылданды.
Айта кетейік, Жамбыл облысында есірткіні заңсыз сақтап, тасымалдаған әке мен баласы сотталды.