Мопед санатына жатады: Алматыда электровелосипед иелеріне ескерту жасалды

0

 Алматыда электровелосипедтердің саны күрт өсіп, оларды тіркеу мәселесі өзекті болып отыр. Полиция қуаты жоғары көліктердің заң бойынша мопед санатына кіретінін еске салып, тіркеу тек талап емес, иесінің құқығын қорғау кепілі екенін айтты.

Кейінгі жылдары Алматыда электровелосипедтер ерекше танымал бола бастады. Арзан болуы, экологияға зиян келтірмеуі және қалада жүруге ыңғайлы болғандықтан, электровелосипедтерге сұраныс көбейді. Алайда полицияның хабарлауынша, кейбір тұрғындар оларды мопедтің баламасы ретінде қолданып, заңда белгіленген тіркеу талаптарын орындамай жүр.

Алматы Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі заманғы электровелосипедтердің көбі сағатына 40-45 шақырым жылдамдықпен жүріп, 400 ватттан жоғары қуатқа ие. Бұл көрсеткіш заңда белгіленген нормадан асып түсетіндіктен, олар мопед санатына жатады. Мұндай көліктерді тіркеу міндетті: техникалық паспорт, мемлекеттік нөмір және сақтандыру құжаты болуы керек.

– Азаматтардың электровелосипедке деген қызығушылығын түсінеміз, бірақ заң бойынша қуаты 250 ватттан жоғары және жылдамдығы 25 км/сағ асатын көліктер мопед санатына кіреді. Сондықтан оларды тіркеусіз қоғамдық жолдарда жүргізуге болмайды. Бұл талаптар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және иелерінің құқығын қорғауға бағытталған, — деді Алматы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Сондай-ақ полиция тіркеу көліктің ұрланған немесе жоғалған жағдайда иесіне қайтаруды жеңілдететінін атап өтті. Ал тіркеусіз пайдалану жол-көлік оқиғаларының артуына және жол қозғалысы инфрақұрылымына салмақ түсуіне себеп болуы мүмкін.

Еске салайық, биыл ел аумағында 5 сәуірге дейін мопедтерді ресми тіркеу міндеті қойылды. 5 сәуірден бастап жол ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне жаза қатаңдатылды.

Сондай-ақ бұған дейін Қазақстанда 50 мыңға жуық мопед тіркелгенін хабарлаған едік.

 


ПІКІР ЖАЗУ