Ресейдегі бензин дағдарысы Қазақстанға әсер ете ме?

Ресейде алапат бензин дағдарысы басталғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Көрші елдегі ахуал Қазақстан нарығына қалай әсер етеді? Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында түсіндіріп берді.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстандағы жанар-жағармай нарығындағы жағдай тұрақты.
Елдегі мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты. Қазақстан негізгі жанар-жағармай түрлерімен өзін толықтай отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіп отыр, ал қолдағы қазіргі қор елдің қажеттілігін толық өтеуге жеткілікті. Жаз мезгілінде жанар-жағармай тұтынуы әдеттегідей арта түсетіні анық. Алайда тапшылық немесе оған алғышарттар жоқ. Энергетика министрлігі өңірлер бойынша қалдықтарды күн сайын бақылап, қажет болған жағдайда ресурстарды жедел қайта бөлуге дайын, — деп жауап берді министрліктен.
Сонымен қатар Ресей нарығындағы өзгерістердің бізге еш ықпалы жоқ деп отыр.
Ресей нарығындағы өзгерістер Қазақстанға тікелей әсер етпейді. Баға саясаты ішкі сұраныс пен ұсыныс теңгеріміне және нарықтық тетіктердің жұмысына сәйкес қалыптасады, — деді ведомстводан.
Бензин мәселесіне қатысты Энергетика министрі де үн қатты.
Қор бізде үнемі қадағалауда. Дизельдік отын мен бензин бойынша ешқандай күмән жоқ. Зауыттар толық қуатта жұмыс істеп тұр, қор үнемі толықтырылып отырады. Бағаға келсек, өздеріңіз білесіздер, биыл ақпанда Үкімет мемлекеттік реттеуден бас тартқан болатын. Сондықтан қазіргі таңда бағаларды ішкі сұраныс пен ішкі ұсыныс айқындайды, — деді Қазақстанның бас энергетигі Ерлан Ақкенженов.
Ал екі ірі мегаполистегі бензин бағасы төмендегідей:
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бензин бағасын тым арзандатуға болмайтынын айтқан еді.