Халық қалай күн көреді?

Экономист Айбар Олжай «15 минуттық экономика» жобасында Үкімет бекіткен бюджетті талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бір қарағанда жай адамға онша қажеті жоқ, кабинеттердегі шенеуніктер өзара жыл сайын талқылайтын бір шаруа сияқты көрінгенімен, бюджет жобасы шын мәнінде жете түсіне білсек, мемлекеттік бюджет – ол әрқайсысымыздың келесі жылғы қаржылық жағдайымызға бағдар береді.
Сарапшының айтуынша, мемлекеттік бюджетке қарап ертеңгі күнімізге жоспар құра аламыз. Яғни:
- жеке кәсіпкер болсаңыз, тапсырыстар бола ма?
- құрылыс секторында құрылыс жүре ме?
- жалақы өсе ме?
- кімдердің ақшасы өседі?
- кімдердің ақшасы қысқарады?
- кімдер көп таба бастайды?
- кімдер қазірден бастап үнемдеу керек деген сұрақтарға жауап алуға болады.
Сондықтан мемлекеттік бюджет кез келген адам үшін үлкен маңызы бар құжат. Оны талқылаудан ешкім тыс қалмауы керек, — деп түсіндірді сарапшы.
Айтуынша, қазір Қазақстан үшжылдық бюджет жүйесімен жұмыс істейді. Біз қазір 2026-2028 жылдардың бюджетін жасап, талқылап біткен соң оған Мемлекет басшысы қол қояды.
Бірақ келесі жылы 2027 жылдың бюджетін нақтылайды. Мысалы, биыл 2026 жылдың бюджетін нақтыласақ, ал 2027-2028-ге болжамды бекітеміз. Әр жыл сайын келесі жылдың бюджеті нақтыланады. Одан кейінгі екі жылдың бюджеттерінің болжамы, жобасы жасалады.
Өткен аптада Үкімет 2026-2028 жылдардағы республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін жасап, ұсынды. Енді ол құжат Парламентте тез қаралады. Одан кейін Мемлекет басшысы қол қояды.
Сарапшының айтуынша, жалпы, бюджеттің мәселесі тез шешіледі. Себебі бюджетті ұзақ созса, бүкіл экономикамыз тұралап қалады.
Келер жылдың бюджеті не дейді?
Негізгі сценарийге сәйкес, 2026 жылы жалпы ішкі өнім, яғни біздің экономикамыз 5,4%-ға өсуі тиіс. Номиналды ЖІӨ сомасы 2026 жылы 183,8 трлн теңге болуға тиіс. Бұл 537 деген курсқа шақсақ, бүгінгімен 342 млрд доллар болады. Экономиканың өсуінің негізгі драйверлері – нақты сектор мен қызмет көрсету саласы.
Өңдеуші өнеркәсіпте инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен 2026 жылы 6,2% өсім болады деп күтілуде. Ал алдағы 3 жылда орташа есеппен құрылыс саласы – 11%, көлік саласы – 10,1%, сауда – 6,7% деңгейінде өседі деген жоспар осы базалық сценарийге енгізілген.
2026 жылы Қазақстанның экспорты 77,1% млрд доллар, ал импорты 67,7 млрд доллар болуға тиіс. Сонда тауар айналымындағы жағымды сальдо біз үшін 9,4 млрд доллар болады.
Тауар айналымы, экспорт пен импорт
Мемлекет сыртқа шығаратын экспорттың ақшалай сомасы өзіне импорттайтын тауарлардың ақшалай сомасынан артық болса, онда жағымды сальдо болады.
Егер сіз көп экспорт шығарып, аз импорт алсаңыз, жағымды сальдо болады. Ал егер экспорттан импорт көп болса, онда теріс сальдо орын алады. Бұл физикалық тұрғыда килограммен өлшенбейді. Доллармен өлшенеді, — дейді сарапшы.
Мемлекеттің экономикасы мен төл валютасы үшін сыртқы саудада жағымды сальдо болғаны дұрыс. Жағымды сальдо кезінде бізге мысалы, доллар, евро мен юань көбірек келеді. Ал теріс сальдо кезінде импорт көп болып, валюталар сыртқа көбірек шыққандықтан ол валюталар елімізден кете бастайды.
Егер бізге шетел валютасы көбірек келсе, онда біздің теңгенің күші болады. Теңгені ұстап тұру үшін, тіпті оның курсын қай жаққа апаруға мүмкіндік туындайды.
2025 пен 2026 жыл бюджетінің айырмашылығы неде?
Қарапайым халық үшін биылғы 2025 жылғы бюджет пен келесі 2026 жылдың бюджеті арасындағы айырмашылықтан пайда бар ма? Сарапшы осыны түсіндірді.
Ол үшін бюджеттен бұрыннан келе жатқан проблемалар туралы айтуға тиіспін. Бізде проблемалар болған, қазір де бар. Жылда біздің салықтан жинайтын табысымыз аз болды. Салықтық жеңілдіктер берілді, ҚҚС төленбеді. Ал шығындар керісінше қатты өсетін. Себебі адамдарға төлейтін төлемдер бар, зейнетақы да өсті. Жыл сайын табыстың өсуі шығынның өсуін қуып жете алмайтын. Мысалы, 2013 жылы мемлекеттік бюджеттің шығысы 28 трлн теңге болды. Ол 2022 жылмен салыстырғанда 24%-ға өскен. Ал бюджеттің кіріс бөлігі 23,1%-ға артты. Сонда 1 жылда арадағы жағымсыз айырмашылық 1,2% деп тіркелді. Бюджеттің кірісі оның шығысына жетпеген кезде осы минус айырмасы бюджеттік дефицит деп аталады, — деп түсіндірді Айбар Олжай.
Экономист атап өткендей, 2024 жылы біз осы дефициттің ең үлкен шегіне жеттік. Әрі қарай үлкен проблемалар күтіп тұрды. Сондықтан Президенттің өзі бұл мәселеге назар аударды. Биылдан бастап жағдайды түзеуге тапсырма берді. Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды реттеуге кірісті. Реттемесе, кеш болар еді.
Біз жыл сайын жетпеген ақшаны трансферт арқылы Ұлттық қордан алып келдік. Мысалы, 4 трлн дефицит болды делік. Дәстүр бойынша біз оның 3 трлн теңгені Ұлттық қордан, ал 1 трлн-ға жетпейтін ақшаны қарызға аламыз. Сөйтіп дефицитті жауып келдік. Сонда Ұлттық қорға мұнайдан түскен кірістен гөрі бюджеттен алып кететін жағдайымыз көбірек болды, — дейді сарапшы.
Мәселен, біз биыл 5,7 трлн теңгені Ұлттық қордан аламыз. Бірақ биыл мұнайдан Ұлттық қорға ондай ақша түспейді. Себебі бұл жылы мұнайдың әлемдік бағасы өспей, сол барреліне 69 доллар деңгейінде тұрып қалды. Ұлттық қор инвестициялық операциялар есебінен қосқанымен, алғанымызды жаба ма деген сұрақ бар.
Қарыз мәселесі
Үкімет бюджет дефицитін жабу үшін тек қана Ұлттық қорды мазаламайды. Сонымен қатар қарыз да алады. Қарыз көбінесе Қазақстанның қор биржасында Қаржы министрлігі облигациялар шығарады да, сол арқылы ішкі нарықтан ақша алады. Жыл сайын төлейтін ақшалардың қарызын да төлеп отырады. Біздің бюджеттің жыл сайын осы қарызды қайтарып отыруға деген шығыны ұлғайып келеді. Өйткені бізде инфляция жоғары болғандықтан базалық мөлшерлеме де жоғары. Үкімет теңгемен облигациялар арқыл жылына 16-17% мөлшерлемемен қарыз алуға мәжбүр. Сондықтан мұндай пайызбен қарызды қайтару өте қымбат.
Бюджет биыл қарызды қайтару мақсатына 6 трлн теңге жұмсайды. Бұл шамамен 11 млрд доллар. Әрине, аз сома емес. Осы жылдың ортасында Қазақстанның сыртқы қарызы 120 млрд долларды құрады.
Осы жерде ескеретін жайт, сыртқы қарыз дегеннен қорықпау керек. Сыртқы қарыздың статистикасына бәрі кіреді. Оның ішінде: бізге келген инвестициялар, фирмааралық келісімшарттар, бір-біріне жіберген ақшалар кіреді. Сыртқы қарыз емес, мемлекеттік қарыз деген ұғым бар. Осыған назар аударған дұрыс. Мемлекет және мемлекеттік кепілдіктер берген қарызға бәріміз жауаптымыз, — деді сарапшы.
Айта кетерлігі, жыл басында мемлекеттік қарызымыз 32 трлн теңге шамасында болған. Бұл – 61 млрд доллардай. Сонда 170 млрд долларлық сыртқы қарыздың 61 млрд доллары ғана мемлекеттік қарызға жатады. Қалған 109 млрд – инвестициялар, фирмааралық қатынастар, филиалдарға ақша жіберу секілді басқа транзакциялар. Онда халықтың да, мемлекеттің де ешқандай шаруасы жоқ.
Ал мемлекеттік қарыздың негізгі бөлігін Үкімет алған. Үкіметтің қарызы 30 трлн теңгеден сәл асты. Бірақ оның 21,7 трлн-ы теңгемен, ішкі нарықтан алынған, ішкі қарыз деп аталады. Қаржы министрлігі облигациялар арқылы қор биржасын шығарып, сол арқылы алған. Біз сырттан 8,3 трлн теңге алғанбыз. Бұл шамамен 15,6 млрд доллар. Шындап келгенде халықаралық кредиторларға, инвесторларға қарызымыз 15,6 млрд доллар шамасында, — деп атап өтті экономист.
Жаңа бюджет ескі проблемаларды ескерді ме?
2026 жылдың бюджеті ақырындап бері қарап келеді. Ондағы Үкіметтің ниеті, жасап отырған болжамы негізінен өте жақсы. Сарапшы 2025 жылғы бюджетпен салыстырғанда 2026 жылғы бюджетке жақсы деген баға берді.
Үкімет жаңа Салық кодексі арқылы бюджеттің бағытын өзгертейін деп тұр. Салық кодексі, ондағы реформалардың барлығы негізінен осы бюджеттік кризистен құтылу үшін жасалған болатын. Егер 2026 жылғы бюджет параметрлері бұзылмай, тура болжам солай орындалса, Үкімет уәдесінде тұрса, мемлекеттік қаржының дағдарысын жеңе алатын сияқтымыз. Осылайша, келесі жылы Ұлттық қордан қаржыны екі есе аз алсақ, ол өседі. Бұл Ұлттық қордың шамамен 6 млрд долларды үнемдеп қалуына мүмкіндік береді. Оның таза валюталық активтерін 60,8 млрд доллардан кем ұстамау, 60-61,5 млрд долларда ұстауға жол ашылады. Яғни көп алмаймыз, инвесттабыс, мұнайдан табыс көбейеді, — деді Айбар Олжай.
Биыл республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 21,4 трлн теңге болуға тиіс. Бірақ биыл оның тек 15,4 трлн теңгесі салықтан келген. Жергілікті бюджеттен тартылатын трансферт 5,7 трлн теңгеге жетті. Ұлттық қордан биыл кемінде 5,2 трлн теңге трансферт алынады. Биылғы республикалық бюджет шығындары 25,2 трлн теңгені құрайды. Сонда бюджет дефициті 4,1 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 2,7%-ы болды.
Ал келесі жылы бюджеттің кіріс бөлігі 23,1 трлн теңге болуы тиіс. Сонда біз салықтан 19,2 трлн теңге жинаймыз. Демек 4 трлн теңгеге көп салық жиналады деген сөз. Үкімет келесі жылы Ұлттық қордан тек 2,7 трлн теңге ғана трансферт алуды жоспарлап отыр. Сол арқылы бюджет дефицитін ЖІӨ-ге шаққанда 2,7%-дан 2,5%-ға түсіре бастаймыз. Бір жылда 0,2 пайыз өте жақсы. Өйткені арада триллиондар жүреді. Осы мүмкіндікті бізге жаңа Салық кодексі береді деген үміт көп.
Алдағы жылдары экономикалық белсенділік артады
Бюджет өзінің әлеуметтік бағытын сақтап қалады. Келесі жылы оған 10,7 трлн теңге қарастырылған. Бірақ бізді қуантатын нәрсе бар: Келесі жылдан бастап біз экономикалық дамуымызға себеп болатын қаражатты таптық.
- Өңдеу өнеркәсібіне — 3,6 трлн теңге
- Агроөнеркәсібіне – 732 млрд теңге қарастырылған.
Демек келесі жылы осы салаларға биылғыдан да көбірек ақша салынады.
Жолдар бойынша инфрақұрылым:
- жаңа жолдар салынып, ескілерді реттеуге тікелей бюджеттен 855 млрд теңге;
- ал облигациялар бойынша 580 млрд теңге бөлінеді.
Мұның барлығын Ұлттық қордың мақсатты трансферлерін пайдаланбай, бюджеттің өз күшімен жасайын деп отырмыз. Жалпы, экономиканың өсуін ынталандыратын, соған көмектесетін жобаларға 4,5 трлн теңгені бөлмекпіз. Оның әсерін 2027 жылдың аяғында сезіне бастаймыз, — деді сарапшы.
Экономикалық рейтингі көтеріледі: Инвесторлар келеді
2026 жылдан бастап Қазақстанның экономикалық рейтингтері күрт көтеріледі. Экономистің түсіндіруінше, қазірдің өзінде bb- тұрақты болжамнан позитивті болжамға өттік. Себебі біз бюджет кризисінің барлық тәуекелдерін жоямыз. Халықаралық резервтеріміз өскен сайын сыртқы шоктарға төтеп беру қауқарымыз жақсаруда. Алтын валюта қоры көп болып, Ұлттық қорымыз өскен сайын кез келген сыртқы белгілі бір шоктар, басқа елдердегі саяси, әлеуметтік, соғыс болсын жайттардың жағымсыз әсерін болдырмауға күшіміз көп болады.
Айтуынша, лсыны байқайтын халықаралық рейтинг агенттіктері бірден Қазақстанның рейтингін көтереді. Өйткені бұл елдің барлық мүмкіндігі бар деп санайды. Сол кезде бізге халықаралық инвестициялар, теңгенің облигацияларына, деривативтеріне, ішкі нарықтарға инвесторлар келе бастайды. Көп инвесторлар теңгенің мөлшерлемесіне қатты қызығады.
Бұл біздің елімізге валютаның көптеп келуіне мүмкіндік береді. 2025 жылғы бюджетке қарағанда 2026 жылғы бюджет өте жақсы. 2026 жылғы бюджеттегі барлық жоспар орындалса, халқымыздың жағдайына да жағымды әсер береді. Халық оны 2027 жылы сезіне бастайды. Мұның барлығы болашаққа істелініп жатқан жұмыстар. Сондықтан Салық кодексі парадигмасына жұмыс істейтін боламыз. Осының барлығы біздің бюджеттік кризисті, сыртқы қарыз мәселесін және бюджеттік дефицит мәселесін шешуге арналған еді. Сонда біздің халықаралық резервтеріміз көбейеді, ақша қорымыз молаяды. Өзімізді дамытуды қолға ала бастаймыз, — деді Айбар Олжай.
Атап өтетін жайт, бұған дейін бюджеттің бәрі әлеуметтік салаға бағытталған.
Яғни тек қана зейнетақы, жәрдемақы сынды бағыттарға әрең жетіп, халық қатты қиналмасын деп ұстап отырдық. 4,5 трлн теңгені экономиканы ынталандыратын салаларға беруіміз – рекорд және нонсенс. 2025-2027 жылдар ішкі, сыртқы апаттар болмаса, реттеліп алатын уақыт келді, — деп түйіндеді сарапшы.
Демек бюджет жобасына артатын сенім сол. Қазақстан белгілі бір дағдарыстан шығатын уақытқа жетті.