Ауғанстандағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1400-ден асты

Ауғанстанда болған жер сілкінісінен 1400-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын жараланды. Таулы аймақтағы құтқару жұмыстары қиын жүріп жатыр, халықаралық ұйымдар мен елдер көмек жіберуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.
Талибан әкімшілігінің өкілі Забиулла Муджахидтің мәліметінше, кемінде 1411 адам қаза тауып, 3124 адам жараланған. 5400-ден астам үй қираған. БҰҰ Ауғанстандағы үйлестірушісі құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін екенін ескертті.
Зілзала дүйсенбіге қараған түні Кунар мен Нангархар провинцияларында тіркелді. Магнитудасы 6 балдық жер сілкінісі таулы аймақтарда көптеген ауылдарды жермен-жексен етті. Қиын рельеф пен бұзылған жолдар құтқару жұмыстарына кедергі келтіруде.
ЮНИСЕФ мыңдаған бала қауіп-қатерде екенін мәлімдеп, дәрі-дәрмек, шатыр, жылы киім және гигиеналық заттар жіберіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апаттан 12 мыңнан астам адамның зардап шеккенін хабарлады.
Ұлыбритания, Үндістан, Қытай, БАӘ, ЕО, Пәкістан және Иран гуманитарлық көмек көрсетуге уәде етті. Үндістан Кунарға алғашқы 1000 шатыр мен 15 тонна азық-түлік жеткізді.
Апат шетелдік көмектің қысқаруымен қиналып отырған Талибан әкімшілігі үшін ауыр соққы болды.
Еске салсақ, бұған дейін Ауғанстанда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 800-ге жеткенін жаздық.