Қостанайда экс-шенеуніктердің мүлкі қалай қайта бөлініп жатыр?

0

Қостанайдың бұрынғы әкімі пара алғаны үшін 13 жылға сотталған еді. Оның мейрамханасы үкім шыққанына он жылға жуық уақыт өткен соң ғана сатылды. Әрі бастапқы бағасынан шамамен 10 есе арзанға кеткен. Ал бұрынғы облыс әкіміне тиесілі резиденцияны қазір оңалту орталығына айналдыру үшін қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Қостанайда соңғы 10 жыл бойы жергілікті тұрғындар назарында жүрген екі даулы нысан бар. Олардың бірі – «Алтын-Саф» мейрамханасы. Ол Тобыл өзенінің оң жағалауында орналасқан және Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановқа тиесілі болған. Нысан 2016 жылы тәркілеуге түсті. Сол кезде Ахметжанов жүйелі түрде ірі көлемде пара алғаны үшін қатаң режимдегі колонияға 13 жылға сотталған еді. Алайда заңға сәйкес сатылымға қойылса да, мейрамхананы ұзақ уақыт бойы сата алмады.

Екінші даулы нысан 2019 жылы белгілі болды. Ол кезде Қостанай облысының экс-әкімі Архимед Мұхамбетовтің отбасы осы жерде тұрып жатқаны анықталған. Бұл – Тобыл өзенінің жағасында орналасқан, жалпы аумағы 20 гектар жерді алып жатқан қала сыртындағы резиденция. Мұхамбетов 200 шаршы метрді құрайтын үйде тұрған. Ал барлық шығын салық төлеушілердің қаржысы есебінен жабылған.

Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы бұл резиденцияны балаларға беру жөнінде тапсырма берген. Алайда арада уақыт өтсе де, нысан әлі күнге дейін қайта жөнделмеген. Биыл күзде осы жерде оңалту орталығын ашу жоспарланған болатын.

Екі мейрамхана, сауда үйі мен коттедж

«Алтын-Саф» мейрамханасынан бөлек, Қостанайдың бұрынғы әкіміне 2016 жылғы сәуірде үкім шыққаннан кейін тағы үш нысан тәркілеуге түсті. Олардың қатарында – қаланың қақ ортасында орналасқан «Метрополь» мейрамханасы, 7-ші шағын аудандағы «Монолит» сауда үйі және екі қабатты коттеджі бар еді. Кейін сот шешімімен бұл коттеджді тәркілеуден алып қалған.

Алғашында бұл нысандардың барлығын мемлекеттік мекемелерге өтеусіз пайдалануға беру ұсынылды. Алайда олардың ішінде тек біреуін ғана мемлекеттік қажетке бейімдеу мүмкін болды, қалғандары аукцион арқылы сатылымға шығарылды.

Айта кетейік, Ахметжанов кейін өзінің жазасын қысқартуға қол жеткізіп, 4 жылға сотталды. Оның басым бөлігін ол қоныстану колониясында өтеді.

«Монолит» сауда үйі шамамен 87 млн теңгеге бағаланғанымен, көп ұзамай жеке тұлғаға небәрі 40 млн теңгеге сатылды. Ал «Метрополь» мейрамханасы 450 млн теңгеге жуық бағаланған еді. Бұл нысанды бірден ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өз балансына алып, кейін оны сатып алу құқығынсыз «Азаматтарға арналған үкіметке» тапсырды. Нәтижесінде бұрынғы мейрамхана ғимаратында «Азаматтарға арналған үкіметтің» орталық кеңсесі ашылды. Дегенмен ішінде мейрамхана кезінен қалған шиыршық баспалдақ сақталып қалғандықтан, зейнеткерлерге көтеріліп-түсу қолайсыз болды, ал лифтілер орнатылмаған.

Биыл облыс әкімдігінде «Азаматтарға арналған үкіметті» бұрынғы мекенжайына – Тәуелсіздік көшесі, 114-ші үйге көшіру жөнінде шешім қабылданды. Бұған дейін ол жерде көші-қон қызмет көрсету орталығы орналасқан еді. Ескі ғимаратты жөндеуге 140 млн теңге бөлініп, жаз айларында жаңарту жұмыстары жүргізілді. Алайда жөндеу толық көлемде аяқталған жоқ: қаражат тек қасбетті жаңартуға және ішкі әрлеу жұмыстарына ғана жеткен. Ал ғимараттың артқы бөлігі сол күйі қалып қойған, өйткені оған бюджеттен қаржы қарастырылмаған.

Жергілікті «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының баспасөз қызметі түсіндіргендей, ғимараттың артқы жағындағы керамогранит плиткасы жарамды күйде тұр, сондықтан оны ауыстыру әзірге жоспарланып отырған жоқ.

Бірнеше апта бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері өздерінің бұрынғы ғимаратына көшіп кетті. Ал экс-әкімге тиесілі «Метрополь» мейрамханасының ғимараты тағы да бос қалды. Қазір ол иесіз тұр, есігінде ХҚО-ның бұрынғы орнына көшкені туралы хабарлама ілінген.

Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы түсіндіргендей, бұл ғимаратта жақын уақытта заманауи өнер картиналар галереясы ашылады. Дегенмен алдымен нысанға жөндеу жұмыстары қажет.

Біз өңіріміздің мәдени болашағына инвестиция салуымыз керек. Сондықтан жаңа картиналар галереясының ашылуы – осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Жаңа галерея ұлттық мұражайлардан, жеке коллекциялардан және шетелдік орталықтардан көшпелі көрмелерді қабылдай алатын болады, – деп түсіндірді жағдайды Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жуырда өткен аппараттық кеңесте.

Жиында Қостанайдағы қазіргі көрме залының тым шағын екені айтылды. Сондықтан онда барлық өнер туындыларын орналастыруға мүмкіндік жоқ. Ал облыстық музей қорында 4 мыңнан астам картина сақталғанымен, оларды келушілерге жиі көрсету мүмкін болмай отыр.

Бұрынғы мейрамхана ғимаратын заманауи картиналар галереясына бейімдеуге қанша қаражат қажет болатыны, ол қаржы қашан бөлінетіні және жаңа нысанның нақты қашан ашылатыны отырыста нақтыланбады.

Бұдан кейін сатылмай ма?

«Алтын-Саф» мейрамханасы шамамен 430 млн теңгеге бағаланғанымен, ең күрделі нысан болып қала берді. Оны ұзақ уақыт бойы не мемлекеттік қажетке бейімдей алмады, не аукцион арқылы сата алмады. Бұған басты себеп – ғимараттың қолжетімсіз орналасуы еді.

Мейрамхана Қостанай қаласының Үлкен көпірінен әрі қарай, Тобыл өзенінің оң жағалауында, Қостанай ауданының аумағында орналасқандықтан, жету өте қиын. Бұл ауданға әлі күнге дейін қоғамдық көлік қатынамайды. Ал былтырғы тасқын кезінде ескі ғимараттың өзі жартылай су астында қалды.

2017 жылдан бастап мейрамхана ғимараты Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының балансына өтті. Сол кезде онда «Жас Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау орталығы мен «Даму» қорының бөлімшесін ашу жоспары болған. Мұндай идеяны облыстың экс-әкімі Архимед Мұхамбетов ұсынған еді. Алайда нысанның алыс орналасуына байланысты бұл жоба жүзеге аспады.

Осы уақыттың барлығында ғимарат тоналып кетпеуі үшін басқарма күзет қызметін жалдап, шығынды өздері өтеп келді.

Соңында ғимаратты аукцион арқылы «бағаны көтеру» тәсілімен сатуға шешім қабылданды. Бірақ бұл да нәтиже берген жоқ – екі жыл бойы ешкім сатып алуға қызығушылық танытпады. 2023 жылы мейрамхананың бастапқы бағасы 850 млн теңге болып белгіленіп, аукцион да бағаны көтеру арқылы өткізілді. Бірнеше талпыныстан кейін де сатып алушы табылмауы заңдылық еді.

Сатылымдағы сәтсіздіктерден кейін былтырғы жылдың соңында облыс әкімі мейрамхананы бұдан былай сатпайтынын, оның орнына мәдени немесе креативті орталыққа айналдыру жоспарланғанын мәлімдеді. Алайда бұл идеяның өзі басынан күмәнді болып көрінді: нысан қала орталығынан шамамен 10 шақырым қашықта орналасқан, автобус қатынасы жоқ. Оның үстіне, тәркіленгеніне 10 жылға жуық уақыт өтті.

Ғимараттың қазіргі жағдайы да мәз емес: қақпасы қирап, плиткалары түсіп қалған, террасасы шөп басып кеткен, ал өткен жылғы су тасқыны нысанның ахуалын одан әрі нашарлатты.

Ғимарат әрең сатылды

Биыл бұл ғимаратты аукцион арқылы сату бойынша тағы бірнеше әрекет жасалды. Сауда-саттықты Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы ұйымдастырды. Басқарманың сайтында әлі күнге дейін жалпы ауданы 1 558,4 шаршы метрді құрайтын, «Екатеринбург–Алматы» трассасының 550-шақырымында орналасқан ғимаратты сату туралы хабарландыру тұр. Бөлінбейтін жер телімінің аумағы – 0,1916 гектар. Бастапқы баға – 256,5 млн теңге, бұл 2016 жылмен салыстырғанда шамамен 1,5 есе төмен.

Сауданың соңғы күні – 2025 жылдың 22 тамызы деп көрсетілген. Алайда ғимарат бұл бағадан да үш есеге жуық арзанға сатылды. Оның үстіне, сатып алушы тек үшінші талпыныста ғана табылды. Бұған дейінгі екі аукцион биыл көктемде өткенімен, нәтижесіз аяқталған еді.

«Алтын-Саф» ғимараты тамыз айының соңында өткен соңғы саудада 91 млн теңгеге сатылды. Кімге сатылғанын жариялауға біздің құқығымыз жоқ. Ғимарат жеке тұлғаға сатылды», – деп хабарлады Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жаңа меншік иесі аукцион ережесінде көрсетілген шарттарды орындауы тиіс. Яғни сатып алған күннен кейін екі жыл ішінде ғимаратқа қайта жаңарту немесе күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті. Ал нысанды қандай мақсатта пайдаланатыны әзірге белгісіз.

Ғимаратта картиналар көрмесін ұйымдастыру жоспарланғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Алайда бұл мәлімет ресми түрде жоққа шығарылды.

Мейрамхана ғимаратын мемлекет сатып алған жоқ және онда мемлекеттік нысан орналаспайды. Нақты қандай мақсатта пайдаланылатыны бізге белгісіз, – деді Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің маманы Аида Тимирова.

Ғимарат маңында біз күзетшіні кездестірдік. Оның айтуынша, мұнда, мүмкін, тағы да мейрамхана ашылуы ықтимал. Бірақ ғимараттың жағдайы бұрынғыдан да нашарлаған: баспалдақтары мүлде қирап, арасынан шөп өсіп кеткен, ішінен ылғалдың иісі аңқып тұр.

Демек, нысанға қомақты қаражат салу қажет болады. Дегенмен мемлекет он жылға жуық уақыттан кейін болса да басты «бас ауруынан» құтылған секілді. Ал ғимарат қайтадан мейрамхана бизнесінің бір бөлігіне айнала ма, жоқ па және қостанайлықтар арасында сұранысқа ие бола ма, оны уақыт көрсетеді.

Жабдықтар сатып алынуда

Алты жыл бұрын дау тудырған тағы бір нысанды жуырда балаларға арналған оңалту орталығына қайта жабдықтау жұмыстары басталды. 2023 жылы Қостанай облысының бұрынғы әкімінің резиденциясын алғаш рет журналистерге көрсетті.

Кешеннің аумағында алты корпус, бірнеше үй, теннис корттары, монша, су жанындағы беседка, пирс, бассейн болған. Өңірдің экс-әкімі Архимед Мұхамбетов екі қабатты коттеджде тұрғанын және оған өз қалтасынан ақша төлегенін айтқан еді. Оның сөзінше, коммуналдық шығын айына шамамен 40 мың теңгені құраған. Алайда жалпы аумағы 20 гектарды алып жатқан бұл қала сыртындағы кешеннің толықтай бюджет есебінен күтіп-ұсталатынын ол жасырған.

Президенттің бес резиденцияны, соның ішінде Қостанайдағысын да балалардың қажетіне бейімдеу жөніндегі тапсырмасынан бері екі жыл өтті.

Жыл соңына дейін бұл резиденцияны психоневрологиялық және қозғалыс бұзылыстары бар балаларға арналған орталыққа айналдыру жоспарланған еді. Тіпті ашылу мерзімі ретінде 2025 жылдың күзі аталған. Алайда әзірге орталық іске қосылған жоқ.

Өңірде осындай шамамен 5 мың бала бар, бірақ олардың бәрінде бірдей орталықта оңалту курсынан өтуге көрсетілім жоқ. Балаларды дәрігерлердің жолдамасы арқылы іріктейді. Орталықта бір мезгілде 60 бала 14-тен 21 күнге дейін қабылдана алады. Жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтіндіктен, көпшілік балаға ем қабылдауға мүмкіндік тумақ.

Алайда ол үшін ғимаратты ауқымды қайта құру қажет болды: лифт орнату, пандустар жасау, бассейннің тереңдігін азайту сияқты жұмыстар атқарылды. Реконструкцияға жалпы 1,5 млрд теңге жұмсалды. Оның 352 млн теңгесін жергілікті бюджеттен, 1 млрд теңгені «Қазақстан халқына» қоры бөлді.

Қайта құру жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Лифт орнатылды, бассейннің тереңдігі азайтылды. Барлығы жоспарға сай жүріп жатыр. Қазір ғимаратқа жиһаз бен жабдықтар әкелінуде. Егер осылай жалғаса берсе, орталықты биылғы жылы уәде етілгендей ашамыз, – деді Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Әлия Мекебаева.

Қазір біз байқағанымыздай, бұрынғы резиденция ғимаратындағы екі күзет бекетінің орнына біреуі ғана қалған. Одан әрі бізді кіргізген жоқ. Аумағында ешқандай жұмыс байқалмайды, техника да естілмеді. Күзетшілердің айтуынша, барлығы жиһаз бен жабдықтардың жеткізілуін күтіп отыр. Дегенмен ашылу мерзімі жайлы нақты күнді, тіпті айды да әзірге ешкім айта алмайды. Себебі әлі де қызметкерлер штаты жасақталуда.

Мебель мен құрал-жабдықтар жергілікті өндірушілерден де, Еуропадан да сатып алынуда. Мәселен, Финляндиядан арнайы кереуеттер мен креслолар, Италиядан роботтандырылған экзоскелет – локомат әкелінбек. Бұл құрылғы тірек-қимыл аппаратының ауыр ауруына шалдыққан балаларға жүру дағдыларын қалпына келтіруге көмектеседі.

Өңірдегі 5 мың баланың ішінен 1300-іне орталықта оңалту курстарынан өтуге дәрігерлер тарапынан ұсыныс берілген. Егер биыл уақыт орталықты толық жабдықтауға жұмсалса да, келесі жылы ол міндетті түрде жыл бойы жұмысын бастайды.

Егер кезінде шенеуніктерге тиесілі болған барлық нысан халық игілігі үшін қызмет ете бастаса, бұл өңір үшін үлкен жетістік болатыны анық.


ПІКІР ЖАЗУ