Алматыда жарты миллиард теңгенің мүлкін ұрлаған қарулы топ ұсталды

Криминалдық полиция жекеменшік кәсіпкердің үйіне жасалған қарақшылық шабуылды әшкереледі, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, 12 қыркүйекке қараған түні үш ер адам маска киіп, Алматының Медеу ауданындағы үйге кіріп кеткен. Олар тапаншамен қорқытып, зергерлік бұйымдарды, қымбат бренд сағаттарын және ақшаны иеленген. Жалпы шығын шамамен 500 миллион теңгені құрады. Үй иелерін байлап тастаған соң, қылмыскерлер оқиға орнынан жасырынған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің үшеуі ұсталды, олардың екеуі – Алматы қаласының тұрғыны, біреуі – Алматы облысының тұрғыны, бұған дейін сотталмаған. Тінту барысында жәбірленушілерге тиесілі зергерлік бұйымдар мен сағаттар тәркіленді. Қазіргі уақытта үш күдіктіге қатысты “қамауға алу” түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, – деді Қанат Нұрмағамбетов.
Тергеу барысында күдіктілердің осы жылы Алматы облысында және 2024 жылы Алматы қаласында жасалған екі ұқсас ашылмаған қарақшылық шабуылға қатысы бар екені әшкереленді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұған дейін Алматыда мешіттер мен дүкендерде ұрлық жасаған “гастролёр” ұсталған еді.