Жасанды интеллект пен суперкомпьютер: Қазақстанды цифрлық ұлтқа бастайтын қадам

Астанада Digital Bridge 2025 форумында жасанды интеллект, стартаптар мен инвестициялар, суперкомпьютер, Alem.AI орталығы және 1 млн азаматты оқыту жобасы таныстырылады. Қазақстан Generative Nation ұранымен цифрлық ұлт болуға қадам жасайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылғы 2-4 қазан аралығында Астанадағы EXPO IEC алаңында өтетін Digital Bridge 2025 – Орталық Евразиядағы ең ірі технологиялық форум. Бұл шара жасанды интеллект (ЖИ), стартаптар мен инвестициялар, цифрлық даму саласындағы ең өзекті идеяларды тоғыстырады. Форумға әлемнің 100-ден астам елінен 67 мыңнан астам қатысушы, 1000-нан аса спикер, 500+ стартап және жүздеген инвестор жиналмақ.
Биылғы тақырып: Generative Nation
2025 жылғы форумның басты ұраны – «Generative Nation». Бұл ұғым Қазақстанның генеративті жасанды интеллектті (Generative AI) экономиканың әр саласына енгізу арқылы жаңа даму кезеңіне қадам басу мақсатын айқындайды. Форумда ІІ мен үлкен деректерді қолдану, киберқауіпсіздік, Web3, EduTech, HealthTech және AgriTech бағыттары терең талқыланады.
Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер: жаңа дәуірдің өзегі
Digital Bridge қарсаңында Қазақстанға NVIDIA H200 негізіндегі Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер жеткізілді.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің BAQ.KZ редакциясына арнайы берген сұқбатында атап өткендей, бұл жүйе:
• Генеративті ЖИ модельдерін (LLM) оқыту,
• Үлкен деректерді талдау,
• eGov AI, Qazaq Law, AI E-otinish секілді мемлекеттік сервистерді автоматтандыру сияқты міндеттерге қолданылады.
Мәдиевтің сөзінше, суперкомпьютерді энергетика, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, көлік және құрылыс салаларын цифрландыру, медицинадағы диагностика мен модельдеу, ғылыми зерттеу, ақылды қалалар және тағы басқа салаларда тиімді қолдануға болады.
Біз Орталық Азияда алғаш болып суперкомпьютерді әкелдік. Оны қарапайым сөзбен түсіндіретін болсақ, ол — генеративті жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауға арналған платформа. Бұл кластер jcs өңірдегі ең ірі кластер. Жалпы суперкомпьютер түрлі бағыттағы міндеттерді шешеді. Мысалы олардың арасында үлкен тілдік модельдерді (LLM) оқыту, мемлекеттік сервистерді автоматтандыру жобалары бар. Оның ішінде, eGov AI, Qazaq Law, AI E-otinish және басқа да жобалар бар, — дейді министр.
Министрдің айтуынша, құрылғы Ұлттық жасанды интеллект платформасы арқылы мемлекеттік органдарға, стартаптарға, университеттерге және жеке компанияларға қолжетімді болады.
Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметкерлердің 2 мыңнан астамы платформаны қолдануды үйреніп үлгерген, ал жақын уақытта суперкомпьютер толық іске қосылады.
Жасанды интеллект экожүйесі және білім беру бастамалары
Қазақстан ЖИ-ді сәнді тренд емес, стратегиялық құрал деп қарастырады. Министр Мәдиев атап өткендей, мақсат – адамды алмастыру емес, оның мүмкіндіктерін күшейту. ЖИ дамуы нәтижесінде кейбір мамандықтар (колл-орталық операторлары, кассирлер, архив қызметкерлері, бухгалтерлер) азаюы мүмкін, бірақ деректер талдаушысы, машиналық оқыту инженері, өнеркәсіптік робот операторы сияқты жаңа кәсіптер пайда болады.
Алдағы 5 жылда 1 миллион азаматты ЖИ құралдарын меңгеруге оқыту жоспары бар. Бағдарламаға 500 мың мектеп оқушысы, 300 мың студент, 90 мың мемлекеттік қызметкер, 80 мың бизнес өкілі және басқа да сала мамандары кіреді.
Негізгі білім беру жобалары:
• Tomorrow School – peer-to-peer форматтағы алғашқы ЖИ мектебі (Python, JavaScript, Golang, Rust).
• TUMO орталығы – 3D-графика, генеративті ЖИ, бағдарламалау.
• AI Qyzmet – мемлекеттік қызметкерлерге арналған ЖИ курсы.
• QazCoders – БАӘ-мен бірлескен бағдарламалау және ЖИ курстары.
• AI’preneurs, Decentrathon – стартап және хакатон алаңдары.
Alem.AI Халықаралық ЖИ орталығы – EXPO аумағындағы инновациялық хаб
EXPO аумағында Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. 8 қабатты шар пішінді ғимараттың әр қабаты ЖИ-дің өмірлік цикліне арналған:
• 1-қабат – ашық қоғам кеңістігі (форумдар, хакатондар, ЖИ-кафе),
• 2-3-қабат – TUMO мектебі,
• 4-5-қабат – Tomorrow School,
• 6-қабат – ЖИ-Кампус (жылына 100 стартап),
• 7-қабат – ғылыми зерттеу зертханалары,
• 8-қабат – GovTech пен мемлекеттік ЖИ жобалары.
Бұл орталық жыл сайын кемінде 10 ірі ғылыми зерттеу, 500-ге жуық стартап өтінімі және жүздеген жаңа идеяларды нарыққа шығарады.
Форум бағдарламасы мен практикалық мүмкіндіктер
Digital Bridge 2025 аясында:
• AI & Generative Tech, Blockchain & Web3, HealthTech, EduTech, AgriTech бағыттарында панельдік сессиялар,
• Инвесторлар мен стартаптар үшін Pitch Zone,
• Ірі халықаралық компаниялармен В2В кездесулер,
• Министрлердің, әлемдік ІТ-көшбасшылардың қатысуымен пленарлық отырыстар өтеді.
Неліктен бұл форум айрықша маңызды?
1. Аймақтық хаб – Digital Bridge Қазақстанды Орталық Азиядағы технологиялық шешімдер мен ЖИ стартаптарының басты орталығына айналдырады.
2. Инвестициялық серпін – форумда жаңа стартаптар мен венчурлық келісімдерге жол ашылады.
3. Білім мен кадр саясаты – ЖИ бойынша 1 млн азаматты оқыту жоспары еңбек нарығын жаңа деңгейге көтермек.
4. Инновациялық инфрақұрылым – суперкомпьютер мен Alem.AI орталығы елдің дербес есептеу қуатын күшейтеді.
Белгілі IT маман Аршат Ораздан Digital Bridge 2025 Қазақстан мен Орталық Азияға қандай жаңа мүмкіндіктер әкелетіні жайлы сұрап едік:
Digital Bridge – бұл өңірдегі ең ірі технологиялық алаң. Форум IT-компанияларға, стартаптарға, инвесторларға және мемлекеттік органдарға бір ортада кездесіп, ынтымақтастық орнатуға жол ашады. Қазақстан үшін жаңа серіктестер табу, венчурлік инвестиция тарту және өз жобаларын әлемдік аудиторияға көрсету мүмкіндігі. Сондықтан да форумға халықаралық деңгейдегі маңызды әрі танымал спикерлер келіп, өз тәжірибесімен бөліседі, — деп жауап берді IT маман.
Ол жасанды интеллектінің экономиканың нақты секторларына (ауыл шаруашылығы, медицина, білім) енуінің басты кедергілері жайлы пікірімен бөлісті.
ЖИ енгізудің ең үлкен кедергісі – сапалы деректердің жетіспеуі мен мамандар тапшылығы. Көп салада әлі де цифрлық инфрақұрылым толық дамымаған. Сонымен қатар заңнамалық және этикалық нормаларды реттеу, ЖИ-ді нақты бизнес-процестерге бейімдеу мәселелері бар. Бұл қиындықтарды шешу үшін мемлекет, бизнес және білім беру жүйесі бірге жұмыс істеуі қажет, — дейді Аршат Ораз.
Маманның алдағы 5-10 жылда жасанды интеллекті адам өмірінің қай саласында ең үлкен өзгеріс әкелетіні туралы да ойын сұрап көрген едік.
Алдағы 10 жылдықта ең үлкен өзгеріс білім мен медицинада болады деп ойлаймын. Білім беру саласында ЖИ әр оқушыға жеке бағдарлама ұсынып, оқытудың жаңа деңгейін қалыптастырады. Медицинада диагноз қою, емдеу әдістерін таңдау жылдам әрі қолжетімді бола түседі. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте де үлкен өзгерістер болады: халықпен байланыс нығайып, мәселелерді тез әрі ашық шешу мүмкіндігі артады, — деп ойымен бөлісті белгілі IT маман.
Digital Bridge 2025 – Қазақстанның цифрлық даму стратегиясын іске асыратын, ЖИ мен үлкен деректерге негізделген жаңа индустрияға есік ашатын тарихи алаң. Суперкомпьютер, Ұлттық ЖИ платформасы, 1 млн азаматты оқыту бағдарламасы және Alem.AI орталығы – елдің технологиялық тәуелсіздігі мен болашақ экономикасын қалыптастырудағы шешуші қадамдар.
Форумға қатысу – тек жаңа технологияны көру емес, Қазақстанның цифрлық ұлт ретіндегі болашағына куә болу мүмкіндігі.