ШЫМКЕНТ: 144 көшеге шағал тас төселді

0

Шымкент қаласы әкімінің тұрғындарға жайлы және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру туралы берген тапсырмасы негізінде қаланың шалғай орналасқан шағын аударына жалпы 52,7 шақырымды құрайтын 144 көшеге шағал тас төселді. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мәлім етті.

Басқарма мамандарының айтуынша, жүргізілген жұмыстардың 47,2 шақырымы яғни, 131 көше Абай ауданына тиесілі екен, ал, қалған 13 көше, 5,2 шақырым жол Әл-Фараби ауданына қарасты.

Атап айтқанда Абай және Әл-Фараби аудандары бойынша Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ, Жаңаталап, Игілік, Қызылжар, Сәуле, 276 орам, Ақжар-2 тұрғын алаптарындағы көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме «Асфальт» ЖШС атқарды.

Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған тұрғын алаптар қалаға жаңадан қосылғандықтан ішкі орам көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмеген. Себебі бас жоспарға сәйкес орташа жөндеу жұмыстары ережеге сай инфрақұрылым жүйелері жүргізілгеннен кейін бастау алады.


ПІКІР ЖАЗУ