Атом саласында әйелдерге жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр

Ресей мен Қазақстандағы атом саласындағы әйелдер қауымдастықтары ынтымақтастықты белсенді түрде нығайтып, жоғары технологиялар саласында әйелдердің мансаптық өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашып жатыр. Бүгінде бұл құрылымдарда дәстүрлі түрде “әйелдерге тән емес” саналатын мамандықтарда дәнекерлеушілерден бастап ауыр техниканы басқарушыларға, зерттеушілер мен ірі жобалардың жетекшілеріне дейін табысты еңбек етіп жүрген мыңдаған маман бар. Бұл туралы әйел сарапшылар XVI Еуразиялық Kazenergy форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресейде “Атом саласы әйелдерінің бірлестігі” қауымдастығы 4 мыңға жуық мүшені біріктіріп, елдің жартысынан астам өңірін қамтиды. Ұйым әлемнің 40-тан астам еліндегі әріптестерімен, соның ішінде Қазақстан мен Қырғызстанмен белсенді жұмыс істеп, энергетика және инновациялар саласындағы әйелдер қауымдастықтарымен бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Біздің қатысушыларымыз қалыптасқан стереотипке сай емес мамандықтарда табысты мансап құруда. Олар дәнекерлеуші болып жұмыс істейді, кран басқарады, аддитивті технологиялар жасау үшін пайдалы қазбаларды өндіруге қатысады. Жақында бізде бір қыз әлемде тұңғыш рет атомдық мұзжарғыштың капитаны атанды, – деді “Атом саласы әйелдерінің бірлестігі” қорының құрылтайшыларының бірі Александра Рябых.
Қазақстандағы атом саласындағы әйелдермен әріптестікке жеке назар аударылып жатыр. Бірлескен бастамаларға техникалық мамандықтарды таңдаған студенттерді қолдау, тәжірибе алмасуға арналған кәсіби алаңдарды дамыту, сондай-ақ инновациялар, жаңартылатын энергия және медициналық технологиялар саласында әйелдерді ілгерілету кіреді.
Бірнеше жыл бойы біз студенттерді қолдаймыз, кәсіби тәжірибе алмасу алаңдарын дамытамыз, әйелдерді жоғары технологиялар мен инновациялар саласына тартамыз бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеміз, – деп атап өтті қауымдастық өкілдері.
Осылайша, атом энергетикасындағы әйелдер бастамалары тек маңызды әлеуметтік құрал ғана емес, сонымен бірге жоғары технологиялық салаларды дамытудағы стратегиялық факторға айналып жатыр.
Айта кетейік, “Qazqontent” АҚ – Kazakhstan Energy Week – 2025-тің бас ақпараттық серіктесі.