Қазақстанда 2050 жылға қарай зейнеткерлер саны 4 есе артады

Қазақстан белсенді демографиялық қартаю кезеңіне қадам басты. 2050 жылдың соңына қарай ел тұрғындарының әрбір алтыншысы 60 жастан асады. Яғни, егде жастағы адамдардың үлесі жалпы халық санының 18,8%-ын құрайды. Сол кезде Қазақстан халқының жалпы саны 26,5 миллион адамға жетеді деп болжанған. Бұл туралы БЖЗҚ жариялаған 2024 жылғы жылдық актуарлық есепте айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатқа сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлем алушылардың саны шамамен төрт есе артады. 2025 жылғы 520 мың адамнан 2050 жылға қарай 2 миллионға жуықтайды. Есепте зейнетақы жүйесіне әсер ететін негізгі демографиялық және экономикалық үрдістерді көрсететін актуарлық есептеулер мен ұзақмерзімді болжамдардың нәтижелері қамтылған.
Демографиялық өзгерістердің зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне салатын салмағы айтарлықтай. Сондықтан мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – халықаралық стандарттарға сай келетін және лайықты зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ететін зейнетақы жүйесін қалыптастыру. Жүйенің тиімділігі есепте талданып, болжанатын бірқатар көрсеткіштер бойынша бағаланады. Ұсынылған жылдық актуарлық есеп мемлекеттік органдар, сарапшылар және жалпы жұртшылық үшін маңызды деректер көзі саналады, — деп жазылған БЖЗҚ хабарламасында.
Авторлардың айтуынша, өмір сүру ұзақтығының артуы мен туу көрсеткішінің төмендеуі егде жастағы адамдардың үлесінің көбеюіне және еңбекке қабілетті азаматтар санының азаюына әкеледі.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер зейнетақы жүйесінің жинақтау компонентін күшейтуді және оның тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруді қажет етеді.
Есепте сондай-ақ әлемдік зейнетақы жүйелерінің рейтингтері талданып, Қазақстанның қаржы нарығын қалыптастыруға атсалысқан мамандардың пікірлері келтірілген. Олар инвестициялық басқарудың тиімділігін арттыру, жарналардың тұрақты түсуін қамтамасыз ету және халықтың жинақтау жүйесіне қатысу аясын кеңейту қажеттігін атап өткен.
БЖЗҚ болжамдарына сәйкес, ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы төлемдерінің көлемі арта береді. Алайда, сонымен бірге жинақтарды мерзімінен бұрын пайдалану саясатын бақылауда ұстау және активтердің нақты табыстылығын сақтау қажеттілігі өзекті болып қала береді.
Қор өкілдері атап өткендей, жыл сайын дайындалатын актуарлық есеп Қазақстанның зейнетақы жүйесінің жай-күйі мен даму перспективаларын бағалауға арналған негізгі құрал болып табылады. Сондай-ақ ол жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мен зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін сақтау бағытындағы шешімдер қабылдауға негіз ретінде қызмет етеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда зейнетке шығу жасы қашан өзгеретінін хабарлаған болатынбыз.