Қазақстанда өмір сүруге қанша теңге жеткілікті?

0

Қазақстанда азаматтардың негізгі қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті табыс деңгейі медиандық жалақы көрсеткішімен өлшенеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша бұл көрсеткіш 316 152 теңге болған.

Адамның күнкөрісіне жеткілікті жалақы мөлшері медиандық деңгейде немесе одан жоғары болуы тиіс. Былтыр медиандық жалақы 285 мың теңге болса, биыл ол 316 мың теңгеге жетті. Бұл – азаматқа лайықты өмір сүруге мүмкіндік беретін шама, — деді Ертаев.

Ол атап өткендей, медиандық жалақы – елдегі табыстың шынайы көрінісін көрсететін негізгі көрсеткіш, өйткені орташа жалақыны жоғары табысы бар аз топ бұрмалап көрсетуі мүмкін.

Вице-министр сонымен қатар ең төменгі жалақының (2025 жылы – 85 мың теңге) әр жылы республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қайта қаралатынын еске салды.

Әдістеме бойынша, республикалық бюджет жобасы әзірленер алдында ең төменгі жалақыны анықтау жөнінде ұсыныстар енгізіледі. Бұл – біліктілігі төмен еңбекке белгіленген ең аз шек. Бірақ кез келген қызметкер біліктілігін арттыру арқылы жоғары жалақы алуға құқылы, — деп түсіндірді Ертаев.

Еске салсақ, 2026 жылдан бастап мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысына қатысты өзгеріс болатыны жайлы хабарладық.


ПІКІР ЖАЗУ