Рекорд: Қазақстанда криптовалюта транзакциясының көлемі жарты жылда 3,6 млрд долларға жетті

0

Қазақстанда криптотөлемдерді ресми түрде іске қосуға дайындық жүріп жатыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) өкілдері жүйенің қалай жұмыс істейтіні, қандай компаниялар лицензия алғаны және пайдаланушыларды қорғау шаралары туралы айтты. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында цифрлық активтермен жасалған операциялар көлемі 3,6 миллиард доллардан асты. Бұл қазақстандықтардың осы салаға деген қызығушылығының қарқынды өсіп келе жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан ресми криптотөлемдерге қарай бет алды

Бұдан бірнеше жыл бұрын криптовалюта операциялары заңдық тұрғыда реттелмеген болса, бүгінде Қазақстан ашық реттеу мен технологиялық қауіпсіздікке басымдық беріп отыр.

АХҚО аумағында цифрлық активтермен жұмыс істеуге құқығы бар 27 лицензияланған қатысушы бар. Олардың 12-сі – криптобиржалар. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында сауда көлемі жалпы есеппен 2,8 миллиард АҚШ долларын құрады, – деп хабарлады орталық BAQ.kz-тің ресми сауалына.

Әңгіме FinTech Lab реттеуші құмсалғышы аясында жұмыс істейтін ірі компаниялар туралы болып отыр. Олардың қатарында Cronex Ltd., Swiftex.io Limited, WhiteBIT Kazakhstan Ltd., Neyco Ltd., Intebix Ltd., Bigone Investment Ltd. және басқа да ұйымдар бар.

Олардың бір бөлігі қазір реттеуші құмсалғыштан толыққанды реттеу режиміне өтуде.

Бүгінде толық режимде екі криптобиржа – BN KZ Technologies Limited және Bybit Limited – жұмыс істейді.

Дәл осы алаңдар және басқа да лицензияланған провайдерлер дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтерді біріктіретін криптотөлемдер жүйесінің алғашқы қатысушылары болмақ.

Жарты жылда – 3,6 миллиард доллар

АХҚО деректері бойынша, 2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстандағы цифрлық активтер нарығы тұрақты өсім көрсеткен.

Цифрлық активтер қызметін көрсететін провайдерлердің жалпы клиенттер саны 170 мыңнан асты, ал транзакциялар көлемі 3,6 миллиард АҚШ долларына жетті, – деп хабарлады АХҚО.

Бұл соманың 2,8 миллиард доллары криптобиржалардағы операцияларға тиесілі болса, тағы 800 миллион доллары төлем сервистері, брокерлер мен дилерлердің үлесіне тиеді.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай қарқынды өсім жаңа цифрлық экономиканың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Онда криптоактивтер енді тар салалық құрал емес, қаржы айналымының толыққанды бөлігіне айналуда.

Қауіпсіздік – басты шарт

Криптотөлемдерге қатысуға рұқсат берудің негізгі талаптарының бірі – киберқауіпсіздікке қатаң бақылау орнату болмақ.

Сарапшылардың айтуынша, әрбір лицензияланған компания деректерді қорғаудың халықаралық стандарттарына сай болуы міндетті.

Цифрлық активтер қызметін көрсететін провайдерлердің криптографиялық кілттер мен цифрлық әмияндарды басқаруға арналған ішкі саясаты болуы тиіс. Сондай-ақ жыл сайын сыртқы аудит пен енгізу тестілеулерін (penetration test) өтуі қажет, – деп түсіндірді АХҚО комитеті.

Бұдан бөлек, әрбір компания штатында платформалар мен ақпараттық жүйелердің қорғалуына жауапты ақпараттық технологиялар жөніндегі бас офицер (Chief Information Technology Officer, CITO) болуы тиіс.

AFSA қадағалауындағы провайдерлер клиенттердің қаражатын компания активтерінен бөлек, арнайы шоттарда сақтауға міндетті. Бұл нарыққа деген сенімді арттырып, форс-мажор жағдайларында клиенттердің қаражатын қорғауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті АХҚО.

Егер компания активтерді өз бетінше сақтамаса, онда ол аудиттен өткен және қауіпсіздік стандарттарына сай келетін лицензияланған кастодиалдық серіктестермен (активтерді сақтаушы ұйымдармен) ынтымақтасуы тиіс.

Криптосервистерді кімдер пайдаланып жүр?

Қазір криптовалюта сервистеріне ең көп қызығушылық танытып отырғандар – жеке пайдаланушылар. Нарық өсімінің негізгі қозғаушы күші де дәл осы жекелеген инвесторлар болып отыр.

Негізгі сұранысты біз бөлшек инвесторлар тарапынан байқап отырмыз. Институционалды клиенттерге белгілі бір шектеулер қойылған: Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалар бөлшек клиент бола алмайды және кәсіби нарық қатысушылары мәртебесін алу рәсімінен өтуге міндетті, – делінген орталықтың жауабында.

Осылайша, қазіргі кезде нарық негізінен бөлшек сегментте қалып отыр. Алайда ресми криптотөлемдер енгізілгеннен кейін оның кеңею әлеуеті жоғары.

АХҚО өкілдерінің айтуынша, криптотөлемдерді іске қосу — жай ғана кезекті технологиялық қадам емес, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды құрал болмақ.

Криптотөлемдерді енгізу Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттыра алады. Бұл халықаралық FinTech және криптокомпаниялар үшін қосымша ынталандыру тудырады. Өйткені АХҚО аумағында цифрлық активтермен жұмыс істеуге қажетті құқықтық және инфрақұрылымдық жағдайлар қазірдің өзінде жасалған, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

АХҚО-ның құқықтық жүйесі ағылшын құқығының қағидаттарына негізделген және FinTech Sandbox режимі арқылы инновациялық жобаларды қолдайды. Бұл Қазақстанды өңірдегі цифрлық активтер үшін ашық әрі сенімді экожүйе қалыптастырған санаулы мемлекеттердің бірі етеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 50 мың доллардан асатын валюталық операцияларға бақылау күшейетінін хабарладық.


ПІКІР ЖАЗУ