Қазақстанда әйелдердің цифрлық экономикадағы үлесі артып келеді

Қазақстанда әйелдердің цифрлық экономика мен технологиялық мамандықтарға қатысу деңгейі тұрақты түрде өсіп келеді. Күн сайын көбірек қазақстандық әйелдер IT саласындағы дағдыларды меңгеріп, оқыту бағдарламаларына қатысып, технологиялық жобаларды іске асыруда, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
AqylTech және IT-Aiel бастамаларының ұйымдастырушыларының мәліметінше, 2025 жылы бұл бағдарламалар аясында елдің барлық өңірінен 10 мыңнан астам адам оқудан өтті.
Әйелдер белсенді түрде цифрлық және ғылыми бағыттарды игеруде. Бүгінде олар магистранттардың 57,5%-ын, докторанттардың 61,7%-ын құрайды. Ал ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандықтарында қыздардың үлесі 20%-ға, телекоммуникацияда – 46%-ға, ақпараттық қауіпсіздік саласында – 30%-ға, зерттеушілер арасында – 55,6%-ға жеткен.
IT-Aiel бағдарламасы: әйелдерге жаңа мүмкіндіктер
2023 жылы іске қосылған IT-Aiel бағдарламасы әйелдердің цифрлық құзыреттерін, қаржылық сауаттылығын және мансаптық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған. 2025 жылы бұл жобаға 4000-нан астам қатысушы қосылып, олардың 71%-ы – 36-45 жас аралығындағы әйелдер, ал 29%-ы – 45 жастан асқан.
Бағдарламаның негізгі аудиториясы – барлық жастағы әйелдер: үй шаруасындағы аналар, декреттік демалыстағы әйелдер, зейнет жасына таяғандар және IT саласында мансабын нөлден бастағандар.
Қатысушылардың басым бөлігі (58%) Астана мен Алматыда тұрады, бірақ өңірлердің белсенділігі де өсіп келеді. Әйелдер жасанды интеллект саласындағы мамандықтарды – чат-боттар жасау, AI-дизайн, бағдарламалық қамтуды тестілеу және промт-инжинирингті меңгерген.
Жыл қорытындысы бойынша, тұрақты жұмысы болмаған 1334 түлек IT саласында мансабын бастап немесе өз онлайн-бизнесін ашқан. Қатысушылардың 70%-дан астамы қаржылық тәуелсіздігінің артқанын атап өтті.
AqylTech бағдарламасы: жастарға арналған цифрлық білім
Жастарға бағытталған AqylTech бағдарламасы 2025 жылы Қазақстан мен көрші елдердің 6200 қатысушысын қамтыды. Оның 93%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар.
Бағдарлама аясында қатысушылар қаржылық сауаттылықты, цифрлық гигиенаны және жасанды интеллектке байланысты жаңа кәсіптерді – промт-инженер, AI-дизайнер, бағдарламалық қамтуды тестілеуші және чат-бот әзірлеуші мамандықтарын үйренді. Ең жоғары белсенділік Астана, Алматы, сондай-ақ Алматы, Ақтөбе және Атырау облыстарында байқалды.
Киберқауіпсіздік – басты назарда
Екі бастамада да киберқауіпсіздік тақырыбына ерекше көңіл бөлінді. Курстар жеке деректерді қорғау мен интернет-қатерлердің алдын алу бойынша практикалық сабақтарды қамтыды.
Бағдарлама соңында әр қатысушы өз құрылғыларына аудит жүргізіп, фишинг пен кибербуллингтен қорғану жолдарын үйренді. Біз жеке деректерді қорғау, балалар мен қарт адамдарға цифрлық құралдарды қауіпсіз пайдалануға көмектесу жолдарын үйреттік, – деді Technowomen ұйымының басқарма мүшесі Алуа Көрпебаева.
Әйелдер мен жастардың цифрлық бастамаларға белсенді қатысуы Қазақстанның цифрлық теңдікке сенімді қадам басып келе жатқанын көрсетеді. AqylTech және IT-Aiel бағдарламаларының арқасында жүздеген әйел мен жас маман өз орнын технологиялық индустрияда тауып, елдің жаңа цифрлық экономикасының ажырамас бөлігіне айналып отыр.