2026 жылы жалақы өсе ме?

0

2026 жылы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын арттыру жалғасады. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біріншіден, біз бюджетте жыл сайын азаматтық қызметкерлердің, соның ішінде олардың жекелеген санаттарының еңбекақысын ұлғайтуды көздейміз. Соңғы жылдары жекелеген санаттар бойынша жалақы өсімі 2-5% аралығында болды. Бұл – алғашқы мәселе, — деді Азамат Әмрин.

Оның айтуынша, мемлекет бұдан бөлек халық табысын арттыруға бағытталған салық заңнамасындағы өзгерістерді де жүзеге асырады. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап ең төменгі стандартты салықтық шегерім мөлшері ұлғайтылады.

Біз ең төменгі, яғни стандартты шегерімді ұлғайттық. Егер қазір оның көлемі 54 мың теңге болса, ол 128 мың теңгеге дейін өседі. Бұл дегеніміз – келесі жылдан бастап орташа есеппен 150 мың теңгеге дейін жалақы алатын жұмысшылар табыс салығынан толық босатылады, — деді ол.

Сонымен қатар Әмрин мемлекет бірқатар өндірушілер санатына қолдау көрсетуді жалғастырып жатқанын еске салды. Мәселен, қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, соның ішінде шаруа және фермер қожалықтары қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушілері үшін ҚҚС бойынша қосымша шегерім қарастырылған: егер бұрын ол минус 70% болса, енді минус 80%-ға дейін ұлғайтылған.

Бұл қосымша шегерім шаруа қожалықтарының жағдайын тұрақтандыру және теңестіру мақсатында енгізілді, — деді вице-министр.


ПІКІР ЖАЗУ