Алматы метросында жолаушылар саны жаңа рекорд орнатты

0

2025 жылғы қыркүйекте Алматы метрополитені 3,1 миллионнан астам жолаушыны тасымалдады. Бұл – байқау басталғалы бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда жолаушылар ағыны 21 пайызға артқан. Бұған дейін бірде-бір айда метро мұндай көп жолаушыны қабылдамаған. Тіпті ол кіретін “көлік түрлерінің өзге санаты” бойынша жиынтық көрсеткіштерде де мұндай деңгей тіркелмеген.

2025 жылдың басынан бері өсім тұрақты байқалып келеді: тоғыз айдың қорытындысы бойынша жолаушылар легі өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 14 пайызға көбейген. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш кей айларда төмендеп, 1 пайыздан аспаған еді.

Метрополитен басшылығының мәліметінше, қыркүйек айы тек айлық емес, тәуліктік көрсеткіш бойынша да рекордты болды: “Қайрат” пен “Реал” арасындағы футбол матчы күні метроны шамамен 143 мың адам пайдаланған.

Мұндай рекордтық көрсеткіштер Алматы метросының қоғамдық көліктің негізгі түрлерінің бірі ретінде танымалдығы артып келе жатқанын айқындайды.


ПІКІР ЖАЗУ