Базалық мөлшерлеме көтерілді: Қазақстандағы депозиттер мен несиелерге не болады?

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін өсіргеннен кейін елдің қаржы жүйесі жаңа кезеңге өтті. Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім бір жағынан салымшылар үшін тиімді болса, екінші жағынан, ипотека нарығын суытып, экономикалық белсенділікті бәсеңдетуі мүмкін. Ақшаны банкте сақтау қаншалықты тиімді және теңге бағамына бұл қалай әсер етеді? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Депозиттердің табысы қайтадан инфляциядан жоғарылады
Базалық мөлшерлеменің өсуі – ақшаның “қымбаттауы”. Бұл дегеніміз, банктер салымшыларды тарту үшін депозиттерге жоғары пайыз ұсына бастайды. Бұған дейін қысқа мерзімді салымдар бойынша орташа жылдық пайыз шамамен 17% болса, енді ол 18%-ға дейін өсуі мүмкін.
Осылайша, банкке ақша салу қайтадан тиімді бола бастады: депозиттердің табыстылығы 13% деңгейінде тұрған инфляциядан жоғарылады. Бұл халықтың жинаққа деген қызығушылығын қайта оятуы ықтимал, әсіресе тәуекелі аз қаржы құралдарын қалайтындар үшін.
Ипотека қымбаттайды, тұрғын үй нарығы баяулайды
Алайда базалық мөлшерлеменің артуының екінші жағы да бар. Депозиттер бойынша табыс көбейген сайын, банктер несие, әсіресе ипотека шарттарын қайта қарауға мәжбүр болады.
Қазақстанда ипотеканың ең жоғары жылдық мөлшерлемесі 20% деңгейінде шектелген. Егер банктер депозиттерді 18%-бен қабылдайтын болса, несиелерді соған жақын пайызбен беру тиімсіз болады. Бұл ипотекалық бағдарламалардың уақытша тоқтауына және тұрғын үй нарығындағы белсенділіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сәйкесінше, кейбір мәмілелер кейінге қалдырылып, құрылыс секторы баяулауы ықтимал. Тұрғын үйге сұраныстың төмендеуі саладағы жұмыспен қамтуға да әсер етеді, — дейді R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.
Бизнеске арналған несиелер де қымбаттайды
Базалық мөлшерлеменің көтерілуі компаниялар үшін де қарыз алу құнын арттырады. Байғановтың айтуынша, несие мөлшерлемесінің бір пайызға өсуінің өзі өнімнің өзіндік құнын қымбаттатады.
Бизнес несиелері қымбаттайды. Бұл шығындар өндіріс бағасына қосылады, яғни тауар бағасы өседі. Соның салдарынан тұтынушылар тағы да бағаның көтерілуімен бетпе-бет келеді. Инфляция баяулау мүмкін, бірақ жоғалып кетпейді. Нәтижесінде халықтың нақты сатып алу қабілеті төмендейді, — дейді экономист.
Сондай-ақ ол отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі төмендеуі мүмкін екенін атап өтті.
Біз Еуразиялық экономикалық одақ құрамындамыз. Ресейде, Беларусь пен Қырғызстанда пайыздық мөлшерлемелер біздегіден төмен. Демек, олардың өнімдері арзан болады, ал қазақстандық компанияларға ел ішінде де, сыртқы нарықтарда да бәсекеге түсу қиындай түседі, — деді Байғанов.
Теңгеге әсері
Базалық мөлшерлеменің өсуі ұлттық валютаның да қозғалысына ықпал етеді. Экономистің айтуынша, бұл шешім теңгені уақытша тұрақтандыруға көмектеседі.
Мөлшерлеме өскен кезде инвесторлар үшін теңгеде актив ұстау тиімдірек болады. Сондықтан теңге бағамының төмендеуі біразға тоқтады. Бұл — девальвацияға қарсы қолданылатын құралдардың бірі. Бірақ әсері қысқа мерзімді ғана. Ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін өндірісті дамыту, нақты секторды қолдау және экономиканың тиімділігін арттыру қажет, — дейді сарапшы.
Маман өз ойын мысалмен толықтырды:
Мысалы, Түркияда базалық мөлшерлеме 50%-ға дейін жетіп, қазір шамамен 40% деңгейінде. Соған қарамастан, түрік лирасы әлсіреуді жалғастырып келеді. Бұл тек ақша-несие саясатының жеткіліксіз екенін көрсетеді. Экономика көбірек өндіруі керек, сонда ғана пайыздық шешімдерге тәуелділік азаяды, — деді Байғанов.
Сөйтіп, базалық мөлшерлеменің көтерілуі салымшыларға тиімді болғанымен, несие алушылар үшін қиындық тудырады. Алдағы уақытта қазақстандықтар депозиттерден көбірек табыс табуы мүмкін, бірақ ипотека қымбаттап, қолжетімсіз бола түспек.
Қаржы сарапшыларының пікірінше, бұл шара қысқа мерзімде инфляцияны тежеуге және теңге бағамын тұрақтандыруға ықпал етеді. Алайда ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін нақты секторды дамыту мен өндіріс тиімділігін арттыру қажет.
Еске салсақ, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың банктерден ипотека рәсімдеу кезінде кездесіп жатқан қиындықтарға қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ ол «Елімізде енді үй бағасы қымбаттап кетпей ме?» деген сауалға жауап берді.