ШЫМКЕНТ: Жан басына қаржыландыру балалардың кез-келген үйірмеге баруына қолжетімді етеді

0

Мемлекет басшысының балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және спорт тапсырысының жан басына қаржыландыру бойынша берген тапсырмасының негізінде Шымкент қаласында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов шығармашылық тапсырысты жан басына қаржыландыру жобасына қатысып отырған ЖК «Макашев» үйірмесіне барды.

Аталған шығармашылық үйірме Қаратау ауданына қарасты «Нұртас» шағын ауданында орналасқан. Бұл үйірмеге бүгінде ұлттық би мен халық биі бойынша жалпы 100 өтінім келіп түскен.

Қала әкімі бұл жаңашылдық балаларға кез келген үйірмеге баруына қолжетімді ететінін атап өтті. Ең бастысы ата-аналарға қаржылық жағынан ауыртпалық түспейді. Енді бұл төлемақы мемлекет қазынасынан бөлінетінін жеткізді.

Жаңа жоба бойынша 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалар мемлекеттік тапсырыспен кез-келген спорт секциясына, шығармашылық үйірмесіне тегін бара алады. Жаңа жобаға сәйкес ата-аналардан спорттың 71 түрі бойынша өтініштер қабылданады. Қазір қала бойынша спорттың бокс, футбол, грек-рим күресі, жүзу спорты, үстел теннисі, каратэ, таэквондо, дзюдо, баскетбол түрлері бойынша ата-аналардан 3347 өтінім түскен. Жобаны іске асыруға биылға 339,8 млн теңге қаралып, 4096 баланың спорттық секцияларға баруына мүмкіндік берілген.


ПІКІР ЖАЗУ