ШЫМКЕНТ: Кітапхананың аудиокітаптар қорын ұлғайтуға театр әртістері мен мәдениет қызметкерлері үлес қосуда

0

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және көзі әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада көңіл дәрумені болар ерекше жоба қолға алынды. Аудиоформаттағы кітап санын көбейту жұмыстары карантин кезеңіндегі уақытты тиімді және пайдалы өткізуге, ерекше қажеттіліктері бар жандардың кітапқа қолжетімділігін ұлғайтуға арналған ауқымды жоба арқылы іске асады.

Осы күнге дейін кітаптар «Сөйлейтін кітаптар шығару» бөлімінде жалғыз кітапханашы тарапынан дыбысталынуына байланысты аудиокітап қорының толығуы баяу жүретін. Енді, кітапхананың аудиокітаптар қоры театр әртістері және басқа мәдениет саласы қызметкерлері дыбыстаған кітаптармен толығып, саны артуда.

Бұл жобаға қатысушылар қатарында Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, Шымкент қалалық орыс драма театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Игорь Вербицкий, Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, режиссер Бекболат Құрманғожаев, Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Шымырқұлов, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова және т.б. қызметкерлер бар.

Қазіргі таңда, арнайы кітапханадағы кітап қоры 140376 дананы құрайды. Негізгі кітап қоры бедерлі – нүктелі әріпті, жазық баспалы, дискіде, нашар көретіндерге арналған мәтіні үлкейтілген әріптер жазылған әдебиеттер мен мерзімді басылымдар, кіші қалыптағы мүсіндер, бедерлі – графиялық құралдар. Оның ішінде дәл осы кітапханада 2003 жылдан бері дыбысталып келе жатқан аудиокітаптар саны 5000-нан астам.


ПІКІР ЖАЗУ