Шымкентте белгілі бір санаттағы 300 азаматқа сертификаттар берілмек

0

«Тұрғын үй қатынастары» Заңына сәйкес, тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үйді сатып алу кезінде ипотеканың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттары ұсынылуда. Бұл да болса жергілікті атқарушы орган тарапынан әлеуметтік әлсіз отбасыларға көрсетілген қолдау.

Биыл Шымкентте белгілі бір санаттағы 300 азаматқа осындай сертификаттар берілмек.
– Олар – мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар. Сонымен қоса, Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, сертификат ала алатын азаматтар санатына қалалық мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады. Тұрғын үй сертификатын алудың өз талап-шарттары бар.

Заңда көрсетілген талап бойынша, өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысының соңғы 6 ай ішіндегі табысы биылғы қаржы жылына заңнамада белгіленген айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен (106 336 теңге) аспауы тиіс. Айта кету керек, 2021 жылғы күнкөріс мөлшері 34 302 теңгені құрайды. Басқарма өкілдерінің мәліметінше, тұрғын үй сертификатын әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде беру көзделіп отыр, – дейді басқарма басшысы Азамат Жарқынбекұлы.


ПІКІР ЖАЗУ