Шаһарда 88 мыңға тарта зейнеткерлер тұрады

0

Қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев ұйымның тыныс-тіршілігін баяндады. Мәселен, бүгінде шаһарда 88 мыңға тарта зейнеткер тұрады. Оның 16-сы ҰОС ардагері. Ұйым көптеген игі іс-шаралардың ұйтқысы болып жүр. Соның бір дәлелі, ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әкелер мектебі» институты. Сондай-ақ «Аталар сөзі – тәрбиенің көзі» бағдарламасы аясында жергілікті теледидар, баспасөз құралдары арқылы қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары халыққа кеңінен насихатталуда.

Тексеру комиссиясының төрағасы Жеңісбек Тұрғанов өз баяндамасында соңғы 5 жылда ардагерлер кеңесінің қаржылық қоры демеушілер есебінен 34 млн. теңгеге толыққанын, қомақты қаражат тиісті мақсаттарға жаратылғанын атап өтті.
Жарыссөзге шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлері Шалатай Мырзахметов, Алданазар Құрманбаев, Икрам Төлеев, Бекет Тұрғараев қалалық кеңестің жұмысын оң бағалады.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан шаһардың 3 жылдағы жетістігі мен жергілікті әкімдіктің ардагерлерге көрсетіп отырған қолдаулары жайлы айтып берді.

–Осыдан 3 жыл бұрын қала бюджеті 131 млрд. теңге еді. Қазір 481 млрд. теңгеге ұлғайды. Бір ғана білім саласының бюджеті 130-140 млрд. теңгені құрап отыр. Қала бюджетінен ардагерлерді қолдауға биыл 361 млн. теңге бөлінді. 6174 еңбек ардагері мен зейнеткерлерге сауықтыру шипажайларында емделу үшін жолдамалар қарастырылды. Бүгінге дейін екі мыңға жуық ардагер шипажайларда демалып қайтты. 30 жылда адамның орташа өмір сүру жасы 10 жылға ұзарған. Қамсыз қарттықты қамтамасыз ету үшін «Асыл жүрек» әлеуметтік медициналық орталығы құрылды. Алдағы уақытта бұл ғимараттың бір бұрышы қала ардагерлерінің бас қосатын орнына айналады, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жиын соңында қалалық ардагерлер кеңесінің 33 адамнан тұратын пленум мүшелері сайланды. Денсаулығына байланысты төрағалық қызметтен кетуге өтініш білдірген Исамудин Рысбайдың орнына Кенжехан Төлебаев Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасыболып сайланды. Ал оның орынбасары болып Жанпейіс Қобыланов бекітілді.


ПІКІР ЖАЗУ