Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымы дамып келеді
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымы дамып келеді. «Тұран» шағынауданындағы жаңадан пайдалануға берілген №79 жалпы орта мектебінің мерекеге арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» атты салтанатты жиынында қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
«Биылғы жаңа оқу жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында басталғалы отыр. Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының білім саласы үлкен жетістіктерге жетті. Осыдан отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 233 мыңнан аса оқушы оқитын 203 мектеп бар. Биылғы оқу жылын қала мектептері 233 879 оқушымен бастағалы отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңға көп. Оның ішінде 25 мың бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады», — деді қала әкімі өз құттықтау сөзінде.