ШЫМКЕНТ: «Ақ орамал» акциясы

0

Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына байланысты «Ақ орамал» республикалық акциясы өткізілді.
«Ақ oрамал» акциясының негізіне дана халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салты алынған: әйел – ананың басындағы орамалын шешіп, жауласушылардың ортасына тастауы — олардың жанжалды тоқтатуына себеп болған.
Шара аясында Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы жанындағы «Ақ босаға» вокалдық ансамблінің жетекшісі Шамшиева Нұрсағила Серікбайқызы жас келіндерге ақ орамал сыйлап, отбасылық өмірдегі арқау болатын ақыл – насихат айтты.
«Бүгін киіз үйдің алдында жас келінге ақ орамал жаптық. Әйел адам өз шаңырағындағы бейбітшілік, бақыт пен татулықтың ұйытқысы, ақ түс болса әрқашан тазалықты, адамның ойы мен жан-дүниесінің пәктігін білдіріп, абыройдың, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі болғандықтан ақ орамал сыйланады», — деп атап өтті Шамшиева Н.С.

Акцияның мақсаты – елдің барша азаматтарын «Ақ орамал» акциясын өткізуге қатыстыру арқылы олардың этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру.


ПІКІР ЖАЗУ