ШЫМКЕНТТЕ ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

0

 

Бүгін қаладағы емханаларда тұмауға қарсы вакциналау жұмыстары басталды. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді. Басқарма басшысы қала әкімдігінің Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, тұрғындар сауалына жауап берді.

Екпе егу жұмыстары үшін биыл қала тұрғындарына 128 963 доза вакцина сатып алынды. Бұған қоса қосымша 109 432 дозаға өтініш берілген.

Сондай-ақ басқарма басшысы қаладағы эпидемиологиялық жағдайға тоқталып өтті.

– Шымкент қаласы бойынша өткен тәулікте КВИ-дің 128 жағдайы тіркелді. Оның ішінде белгілері бар — 101, белгілері жоқ — 27. Індет жұқтырған 73 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 55 адам үй бақылауына алынды. Шымкентте індетке шалдыққандар күн сайын азайып келеді. Соның дәлелі, қаладағы провизорлық стационарлардағы төсек-орындардың 50 пайыздан астамы босады. Нақтырақ айтқанда, 4 350 төсек-орыннан 2 397-і қысқарған. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді, – деді Б. Позилов.

Басқарма басшысына тікелей эфир барысында негізінен емханадағы тексерулер, балалар арасындағы инфекциялық аурудың таралуы мен медицина қызметкерлерінің жалақысы жөнінде сауалдар жолданды.

Айта кетейік, тұмауға қарсы вакцинаның коронавирус инфекциясына мүлдем қатысы жоқ. Басқарма басшысы бұл иммундау жұмыстары маусымдық тұмауды алдын алу үшін жылда жүргізілетін профилактикалық шара екенін атап өтті.


ПІКІР ЖАЗУ