ШЫМКЕНТ: ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫН АЛҒАН 265 АЗАМАТ НЕСИЕЛІК БАСПАНАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

0

Шымкент қаласында 1 млн теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификатына ие болған 265 азамат алғашқы жарна төлеу міндетінен босатылып несиелік баспанаға қол жеткізді.
Мемлекет тарапынан жеңілдікке ие болған азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» бағытының қатысушылары.
Тұрғын үй сертификатына жалпы саны 818 өтінім келіп түскен. Алайда оның ішінде 424 азаматтың өтінімі тұрғын үй сертификаттарының шарттары мен талаптарына сәйкес келмегендіктен бас тартылған.
Бүгінде тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау «кezekte.kz» интернет ресурсы арқылы онлайн жүргізілуде. Бұл үшін әрбір азаматтың және оның кәмелетке толған отбасы мүшелерінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет. Қатысуға ниет білдірген тұлға соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаған жағдайда және тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беру туралы банктің мақұлдаған хаты арқылы тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады.
Жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша «Отбасы банк» арқылы кредиттік тұрғын үймен «5-20-25» бағыты бойынша 730 азамат қамтылған болса, оның 261-і тұрғын үй кезегінде тіркелгендер. Сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласындағы екінші деңгейлі банктер арқылы 1362 азамат алғашқы тұрғын үйді нарықтан несие рәсімдеп сатып алған. «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 158 отбасы тұрғынжаймен қамтамасыз етілген.

Айта кету керек жыл соңына дейін 7-20-25, 5-10-20 (Шаңырақ), 5-20-25, 2-10-20 (Бақытты отбасы) бағыттары арқылы жеңілдетілген кредиттік тұрғын үйлермен – 4 413 отбасыны қамту жоспарлануда.


ПІКІР ЖАЗУ