Ғалымға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

0

Сейдулла Садықұлы ширек ғасырдан аса киелі шаһардағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұстаздық етіп келе жатқан ғалым. Әсіресе, атаулы оқу орнының «журналистика» мамандығын Сейдулла ағайсыз елестету мүмкін емес. Жоқтан бар жасап, үміт оты аз дүниені маздатып, ел ішіндегі іргелі оқу ордаларының атаулы мамандығымен иық тіресетін жағдайға жеткізу Сейдулла Садықұлы бастаған ұстаздар қауымының жеңісті жемісі деп білеміз.

Сейдулла Садықов филология ғылымдарының докторы, университет профессоры, 1977 жылы журналистика мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінде он жылдан астам уақыт қызмет етті. 1987 жылы өзі білім алған қарашаңыраққа оқытушы болды. 1994 жылы қасиетті Түркістанға ат басын бұрып журналистика бөлімін ашуға басшылық жасады. Көп жылдар бойы төгілген терінің, еткен еңбегінің арқасында республика бойынша «ЖОО үздік оқытушысы» атағын да жеңіп алды. Ал, басылым беттерінде әр жылдар бойында жарық көріп келе жатқан өткір материалдарының негізінде Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығын қанжығасына байлағанын да айта кеткен жөн.

Енді бір өнімді еңбек еткен саласының бірі ғалым ретінде де шама-шарқынша еңбектенгенін айту ләзім. Осы уақытқа дейін терең зерттеулер мен шынайы, шымыр еңбектер беріп келеді. Мәселен, кандидаттық диссертациясын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде «Аграрные преобразование в Казахстане и печать» деген тақырыпта журналистика мамандығы бойынша қорғаса, докторлық диссертацияны Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің филология факультетінде журналистика мамандығы бойынша «Проблемы национальной идентификации и национальной идентичности в печатной прессе Казахстана (историко-филологические и методологические аспекты)» атты тақырыпта өте сәтті қорғап шығыпты. Сонымен бірге журналистика мамандығына арналған 15-ке тарта оқулық, монография, оқу құралдары әртүрлі баспалары жарық көрген. Бүгінде қаншама студенттердің білімін толықтауына, кемелденуіне қазық болып отыр. Бір ғалым үшін әлде бір мамандық үшін осынша еңбек жазу шексіз білімнің, қыруар еңбектің нәтижесі. Ал, ғылыми-зерттеу мақалаларының өзі жүз оннан асып жығылатынын мақтанышпен айтамыз.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сенат мәжіліс залында филология ғылымдарының докторы, профессор Сей-дулла Садықовтың 70 жасқа толуына орай, «Ел тәуелсіздігі және ұлттық журналистиканың өзекті мәселелері» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті. Шараны модератор, профессор Б.Сердәлі ашып, жүргізіп отырды.

Конференцияға республика көлеміндегі жоғары оқу орындарының профессор-оқыту-шылары, Түркия және Өзбекстан ғалымдары, докторанттар мен магистранттар, студенттер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Конференцияда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің ректоры Ж.Темірбекова құттықтау сөз сөйлеп ашты. Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың құттықтауын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Е.Тәжібаев табыс-тады. Сонымен қатар, «Nur Otan» пар-тиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтың құттықтауын модератор Б.Серделі оқып берді. Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбековтың арнайы құттықтауын қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Букебаев мерейтой иесіне тапсырды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қ.Өміртайұлы, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғ.Елшібай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Қ.Түменбай, ХҚТУ-дің ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Мырзалиев мерейтойы иесін арнайы құттықтап, сый сияпат жасады.

Бұдан соң Сейдулла Садықовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Ел тәуелсіздігі және ұлттық журналистиканың өзекті мәселелері» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференцияда Түркия, Өзбекстан мемлекеттерімен қатар, еліміздің медиа саласының ғалымдары баяндама жасады. Жиын соңында Сейдулла Садықов конференцияға келген еліміздің жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларына, Түркия және Өзбекстан ғалымдарына, докторанттар мен магистранттарға және студенттерге өз алғысын білдірді.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ



ПІКІР ЖАЗУ