Еліміздің кәсіпорындарында 140 адам қаза тапты – ЕӘҚКҚК
Өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша қабылданған шаралардың арқасында соңғы 5 жылда зардап шеккендердің саны 10,7%-ға, оның ішінде өндірісте қаза тапқандардың саны 16%-ға азайды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің (бұдан әрі – ЕӘҚКҚК) төрағасы Ербол Нұрғалиев хабарлады.
Өз сөзінде ол мемлекет қызметкерлердің құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды талаптарының бірі ретінде қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Қазақстанда жыл сайын кәсіптік аурулардың 400-ден астам жағдайы тіркеледі. Соңғы 3 жылда олардың саны 21%-ға азайды. Қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде соңғы 5 жылда (2016-2020 жж.) өндірісте зардап шеккендер саны 10,7% — ға (1683-тен 1503 адамға дейін), оның ішінде қаза болғандар саны – 16%-ға (248-ден 208 адамға дейін) азайды. Жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 1000 жұмысшыға шаққанда 0,32 — ден 0,23-ке дейін төмендеді», – деп хабарлады Ербол Нұрғалиев. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында еліміздің кәсіпорындарында 1062 адам зардап шекті (2020 жылдың 9 айында – 1023 адам), оның ішінде 140 адам қаза тапты (2020 жылдың 9 айында – 144 адам).
Өндірістік жарақаттанудың өсуі: Ақтөбе (54 адамнан 91 адамға дейін), Атырау (21 адамнан 38 адамға дейін), Жамбыл (34 адамнан 42 адамға дейін), Қызылорда (32 адамнан 53 адамға дейін), Павлодар (76 адамнан 87 адамға дейін) облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында (32 адамнан 43 адамға дейін) байқалады. Қаза табу жағдайларының саны Ақтөбе (11-ден 19 адамға дейін), Жамбыл (4-тен 14 адамға дейін), Батыс Қазақстан (2-ден 5 адамға дейін), Қызылорда облыстарында (5-тен 12 адамға дейін), Нұр-Сұлтан қаласында (10-нан 14 адамға дейін), Шымкент қаласында (4-тен 5 адамға дейін) артты. Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (183 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (124 адам), Ақтөбе (91 адам), Павлодар (87 адам), Қостанай (82 адам), Түркістан (56 адам) облыстарында және Алматы қаласында (69 адам) сақталуда.
«Салалар бойынша зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында – 19,1% (203 адам) және құрылыс саласында – 11,3 % (120 адам), коммуналдық шаруашылықта – 5,6 % (60 адам) байқалады. Оқиғалардың түрлері бойынша жазатайым оқиғалардың көпшілігі: жәбірленушінің биіктіктен құлауы (187 немесе 19,8%); ұйымның көлігіндегі жол оқиғасы (152 немесе 16,1%); опырылу, опырылу, заттардың, материалдардың құлауы (78 немесе 8,2%) және т. б. салдарынан орын алды. Бұған жұмыс берушілердің де, қызметкерлердің де қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға деген көзқарастан туындайтын себептер әртүрлі», – деді ЕӘҚКҚК төрағасы. Ресми статистика деректеріне сәйкес, 2020 жылы зерттелген кәсіпорындардың 1,6 млн қызметкерінің 367 мыңы (22%) зиянды еңбек жағдайларында еңбек еткен. Олардың ең көп саны Қарағанды (74 мың адам), Павлодар (46 мың адам), Шығыс қазақстан (37 мың адам) және Маңғыстау облыстарында (32 мың адам) жұмыс істеді. Экономика салалары бөлінісінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны тау-кен өндіру (120,8 мың адам) және өңдеу (112,9 мың адам) салаларына тиесілі.
Шу мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында әрбір екінші (46%), жұмыс аймағының жоғары газдануы мен шаңдануы әсерінен – әрбір үшінші (32%) жұмыс істеді. Ауыр дене еңбегімен 94 мың адам (тексерілген кәсіпорындар қызметкерлері санының 5,7%) айналысқан. «2020 жылы аттестаттау нәтижелерінің негізінде 672 мың қызметкер 141,5 млрд теңге сомаға түрлі өтемақы алды, бұл 2019 жылға қарағанда 10% — ға артық. Жеңілдіктердің ең көп таралған түрі – қосымша демалыс – 520,6 мың адамға берілді, тегін сүт немесе оған тең тамақты – 322,9 мың адам, тегін емдік-профилактикалық тағамды – 79,8 мың адам алды», – деп түйіндеді Ербол Нұрғалиев.