17 миллионнан аса адам санақ сауалдарына жауап берді

0

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандықтардың 91,6%-ы немесе 1 7428058 адам Жалпыұлттық халық санағына қатысты. Азаматтардың 40,4%-ы санақтан онлайн, 51,2%-ы офлайн өтті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді, деп хабарлайды baq.kz

Санақтан өткендер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда санаққа қатысқандар қатары бұған дейін тіркелген халық санына шаққанда 107,5%. Яғни, қолда бар мәлімет бойынша Алматы тұрғындарының саны 2 005 496 деп көрсетілген. Ал санақ сауалдарына 2 154 907 адам жауап берген. Демек, Халық санағы қазірдің өзінде мегаполис халқының нақты санын көрсетуге көмектесетінін сеніммен айта аламыз, — деді Бюро басшысы. Екінші орында Түркістан облысы, онда халық санағына 98,6% немесе 2 032 333 адам қатысты. Үшінші орында Жамбыл облысы, мұндағы санақтан өткендер саны халықтың 98,6%-ын немесе 1 129 863 адамды қамтиды. Бір айта кетерлігі, санаққа онлайн қатысуда Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары белсенділік танытты, мұнда санақтың 57,7%-ы жаңа форматта өтті. Екінші орында 52,9% көрсеткішпен Қызылорда облысы тұр. Көшбасшылар үштігін Жамбыл облысы түйіндейді, онда тұрғындардың 47,2%-ы халық санағына онлайн қатысты. Дәстүрлі форматтағы санаққа қатысудың ең жоғары көрсеткіші Алматыда тіркелген – тұрғындардың 76,1%-ы пәтерлерді аралау кезінде санақтан өткен. Екінші орында – 69,6% көрсеткішпен Шымкент, ал үшінші орында – Алматы облысы, онда тұрғындардың 60%-ы халық санағына қатысудың дәстүрлі форматын таңдаған. Бұған дейін біз Алматы облысының Балқаш ауданы мерзімінен бұрын сауалнама шараларын аяқтағанын айтып едік. Осы Алматы облысындағы Кербұлақ ауданында сауалнама мәресіне жеткен. Халық санағы аясында мәліметтер жинау жұмысы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында аяқталды. Ал Павлодар облысын 8 бірдей ауданы (Ақтоғай, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Аққулы, Май, Успен, Шарбақты) санақ аясында сауалнама жүргізу шараларын бітірді, — деді Нұрболат Айдапкелов. 2021 жылғы Ұлттық санақтың негізгі кезеңі Қазақстанда 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін өтуде. Қарашаның 8-іне дейін санақ өткізу әдістемесіне сәйкес, нақтылау шаралары қарастырылған. 2021 жылғы халық санағының ұраны — «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!».



ПІКІР ЖАЗУ