Түркістан: АҚШ консулымен әріптестік мәселесі талқыланды
Түркістанға Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж келді, деп хабарлайды adym.kz
Түркістанға Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж келді. Мәртебелі мейманмен Түркістан облысы әкімінің міндетін атқарушы Арман Жетпісбай кездесіп, Түркістан өңірін дамыту бағытындағы жұмыстармен таныстырды. Облысқа инвестиция тарту, экономикалық қарым-қатынасты нығайту бағытында пікір алмасып, келіссөз жүргізді. Кэролайн Сэвидж АҚШ үшін Қазақстанның Орта Азиядағы сенімді серіктес екенін айта келе Түркістан қаласындағы оң өзгерістерден хабардар екенін, түрлі сала бойынша әріптестік орнату мәселесін талқылауға дайын екенін жеткізді. АҚШ өкілінің Бас консул қызметіне тағайындалуымен құттықтаған Арман Жетпісбай Түркістанда атқарылып жатқан жұмыстар мен негізгі жоспарларды баяндады. «Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылдың 19 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылды. Тарихи шаһар – Түркістанға облыс орталығы мәртебесінің берілуі тек қалаға ғана емес, жалпы өңірге тартылатын инвестиция көлемінің артуына серпін берді. Нәтижесінде былтыр өңірге тартылған инвестиция 60 пайызға артып, 1,7 млрд. АҚШ долларына жетті. Ішкі инвестиция көлемі 82 пайызға жетіп, 270 млн. АҚШ долларын құрады. Осы ретте АҚШ инвесторлары үшін де тиімді келісімдер жасап, жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол» деген А.Жетпісбай қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін қарқынды жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Түркістан қаласында туризм, білім, медицина хабын құрып, осы салаларды дамытуға басымдық беріліп жатқанын жеткізді. Облыс аумағында ауыл шаруашылығы, баламалы қуат көздері, өндіріс орындарын ашу бағытында да жақсы мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. АҚШ консулы кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау, энергетика саласын дамыту, қауіпсіздік жөніндегі пікірлері мен сұрақтарын ортаға салып, әйелдер құқығын қорғау, білім сапасын арттыру туралы да ой қозғады. Бұл ретте Бас консулға өңірде биыл мәслихат депутаттары құрамында әйелдердің үлес салмағы артқаны, тұңғыш рет бір қалаға әйел әкімнің басшы болғаны туралы деректер айтылды.
«Түркістан өңіріндегі өзгерістер туралы сырттай білемін. Тарихи қаланы аралап, бүгін туристік орталыққа айналып келе жатқанына куә болдым. Бұл кездесу іскерлік кездесулердің бастамасы әрі түрлі салада әріптестік орнатуға мүмкіндік туады деп ойлаймын» деді Кэролайн Сэвидж