Нәпақа табамын деп мерт болады

0

Жыл басынан бері еліміздің кәсіпорындарында 1 062 адам зардап шеккен, деп хабарлайды aikyn.kz

Бұл өткен жылмен салыстырғанда өндіріс орындарында оқыс оқиғалар көбейгенін көрсетеді. Қабылданған шараларға қарамастан құрылыс алаңдарында қауіпсіздік  неге сақталмайды? Ережеге көз жұма қарағандарға қандай жауапкершілік жүктелген?  Жазатайым оқиға ең көп кездесетін құрылыс са­ла­сында биіктен құлау, басына ауыр зат түсу, ашық жат­қан токқа түсіп, мертігетіндер көп. Соңғы ста­тис­тикаға көз жүгіртсек, 5 жылда еліміздегі құрылыс алаң­­дарында 1 100 адам қайтыс болып, 8 мың адам ауыр жарақат алған. Әсіресе, құрылыс, кен-метал­лур­гия, ауылшаруашылық және мұнай-газ сала­сын­дағы кәсіпорындарда оқыс оқиғалар жиі болатын кө­­­рінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, 9 айдың өзінде ғана мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 мыңнан астам бұзушылықты анықтаған. Олардың 30%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау сала­сы­на тиесілі. Атап айтқанда, қауіпсіз еңбек жағдай­лары­мен қамтамасыз етпеудің 695 жағдайы тіркелсе, жұмыс­керлерді еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқамалықты өткізбеу – 361, жеке және ұжым­дық қорғау құралдарымен, арнайы киіммен және ар­найы аяқкиіммен қамтамасыз етпеу – 142, еңбекті қор­ғау бойынша қызметтің немесе жауапты тұлғаның бол­мауы бойынша 54 дерек анықталыпты. Жұмыс­шылардың амандығына жүрдім-бардым қарағандарға 2,7 мыңнан астам ұйғарым беріліп, 189 млн теңге сомасына 1 мыңнан астам айыппұл салынды. Құқық­бұзушылыққа кінәлі лауазымды тұлғалардың жауап­кершілігін қарау мақсатында құқық қорғау орган­дарына 777 материал жіберіліп, олар бойынша 102 қыл­мыстық іс қозғалған. Сонымен бірге Төлеген Оспан­құлов кәсіпорындарда 15 мың өндірістік кеңес жұмыс істейтінін, олардың міндеттеріне еңбекті қорғау жөніндегі 18 мыңнан астам техникалық инспекторлардың қа­тысуымен жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйым­­дастыру кіретінін айтты. «Был­­тыр техникалық инспектор­лар еңбек жағдайлары бойынша 64 039 тексеру жүргізді, оның ба­ры­сында 118 912 бұзушылық анық­талды, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мә­селелері бойынша – 42 704. Ұйым­да еңбек жағдайлары мен қауіп­сіздігін жақсартуға бағытталған 34 434 ұсыныс берілді. 318 бірлік жаб­­дық, машина, жұмыс орын­да­ры мен өндірістік цехтардың жұ­мы­сы тоқтатылды», – деген ол был­тыр Еңбек кодексіне кәсіптік тәуе­кел­дерді бағалау мен басқа­ру­ға негіз­делген еңбекті қорғауды бас­қару жүйесін енгізу бойынша бір­қатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді.

Жыл басынан бері 140 адам көз жұмды

Бірақ биылғы тоғыз айдағы жа­­затайым жағдайды естігенде төбе шашың тік тұрады. Мысалы, жыл басынан бері елімізде 140 адам өндіріс барысында қайтыс болған. Кәсіпорындардағы зардап шегу көрсеткіші де жыл басынан бері артып келеді. Тоғыз айдың ішінде кәсіпорындарда 1 062 адам зардап шеккен. Бұл былтырмен са­лыстырғанда 39 адамға артып отыр. Өндірісте жарақаттанудың өсуі Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қы­зылорда, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында бай­қалған. Құрылыста көз жұмған­дар­дың жиілеуі Ақтөбе, Жамбыл, Ба­тыс Қазақстан, Қызылорда об­лы­сы мен Нұр-Сұлтанда тіркеліп отыр. Ал жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды, Шығыс Қазақ­стан, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Түркістан облыстары мен Алматы қаласына тиесілі.

Құрылыста оқыс оқиға көп

Естеріңізде болса, жыл басында Алматыдағы құрылыс алаңында 19 жастағы жігіт қаза тапқан. Көп уа­қыт өтпей қаладағы Розыбакиев-Ходжанов көшесінің қиылысын­дағы құрылыс алаңында тағы бір жұмысшы көз жұмды. Қайғылы оқиға BI Group компаниясының For You көппәтерлі тұрғын үй ке­­ше­нінің құрылыс алаңында бол­ған еді. Осыдан бір-екі ай бұрын Пав­лодар облысындағы құрылыс жұ­мысы кезінде жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктердің біреуі­нің жұмысшысы мерт болды. Жазатайым жағдай жиі бола­тын Қарағандыдағы құрылыс алаң­дарының бірінде жақында тоғызыншы қабаттан 20 жастағы жігіт, Қарағанды әкімдігінің тере­зесінен тағы бір жұмысшы құлап, көз жұмды. Құрылыс саласындағы қауіпсіздіктің сақталмайтынын жыл басында депутаттар да көтер­ген. Мәжіліс депутаты Альберт Рау «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорындарының қызметкерле­рі қауіпті жағдайда жұмыс істей­тінін жайып салған еді. Айтуынша, металлургия өндірісінің техника­лық жай-күйі жыларман күйде. Соның салдарынан жұмысшы­лар­дың жарақаттануы мен көз жұму оқиғалары көбейіп келеді. «Тұрақ­ты бақылауға қарамастан, кә­сіпорындағы жағдай жақсармаған. Жыл басында Ленин шахтасында бір адам қайтыс болып, екеуі жара­қат алды. Ақпанда автобус апаты, тоғыз адам зардап шекті. Наурызда бір емес, бірнеше қайғылы оқиға болды. Соңғы бес жылда комби­натта 25 ауыр апат болған», – деді сол кезде депутат.

Жұмысқа кірерде келісімшарт керек

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов жұмысшылардың жазата­йым жағдайға ұшырауына 90% жұмыс берушілердің қателігі себеп болатынын бұдан бұрын да айтқан-ды. Ал қалған 10%-ы жұмыскердің қа­­­тесі екен. Оның айтуынша, егер қызметкер жұмыс кезінде жазата­йым оқиғаға ұшы­раса, оған жұмыс беруші тарапы­нан орташа айлық жалақысы кө­лемінде жәрдемақы та­ғайындалуы тиіс. Егер төлем жа­саудан бас тарт­са, жәбірленуші сот­қа шағым­дануға құқылы. Алай­да жұмыстағы жаза­та­йым жағдай­лардың көбінде жұ­мыс берушілер өтемақы төлеу­ден жалтарып жата­ды. Сондықтан заң­­герлер жұмысқа тұрушыларға келі­сімшартпен жұ­мыс істеу кере­гін алға тартады. Өйткені келі­сім­шарт­сыз жұмыс істеген болса, мемлекет те, сот ор­гандары да жұ­мысшының құқын қорғап шы­ғуы екіталай. Көп жағ­дайда оқиға куә­герлері бас­шы­лардың ырқынан шы­ға алмайды, ал құрылыс ала­ңын­дағы қауіпсіз­дік ережесінің сақ­­талмағанын дә­лел­дейтін бей­небақылау каме­ра­лары жұмыс істемейді. Бес жылда құрылыс саласы қа­уіпсіз бола түсетініне тиісті меке­мелер кепілдік береді. Жұмыс бе­рушілер құрылыс алаңдарындағы қауіпсіздік ережесі қадағаланып, техникалық шаралары түгел сақ­тал­ған деп ақталады. Еңбек, әлеу­меттік қорғау және көші-қон ко­митеті төрағасының орынбасары, бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов алдағы 5 жылда құрылыс алаңдарындағы қайғылы оқиғалар азаяды деп отыр. Өйткені бес жылға арналған министрліктің іс-қимыл жоспары бойынша, еңбекті қорғауды бас­қа­рудың ұлттық жүйесі жаңғыр­ты­лып, жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді төмендету бойынша жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірленбек. Екіншіден, еңбекті қор­ғау саласындағы кәсіби құзы­реттер мен ғылыми әлеует пен әлеу­меттік әріптестікті дамыту көз­делген. Бес жылдағы іс-қимыл жүзеге асса, 2025 жылға қарай өндірістік жарақаттану 10%-ға, зиянды еңбек жағдайларында жұ­мыс істейтін қызметкерлер саны 20%-ға дейін төмендемек.

Жадыра МҮСІЛІМ



ПІКІР ЖАЗУ