Түркістан облысына келуші туристер саны 5,6 есеге өсті

0
Түркістан облысына келуші туристер саны 5,6 есеге өсті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат — Жыл басынан бері Түркістан қаласына 1,1 миллионнан астам турист келген. Қонақтардың легі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6 есе өскен, деп хабарлайды  inform.kz

Қазір мемлекеттің қолдауы мен жергілікті әкімдіктің жүйелі жұмысының арқасында өңірдің туристік әлеуеті артып келеді. Туристерге тиімді қызмет көрсету үшін қаланың тарихи орталығында «Сапар орталығы» (туристік орталық) ашылған. Туризмге ақпараттық қызмет көрсету мен өзге де қызмет сапасын арттыру, ақпараттық қолжетімділігін арттыру мен осы бағытта мамандар даярлау дер кезінде жүзеге асырылуда. Орталық облыс тұрғындары мен қонақтарына «бір терезе» қағидаты бойынша бірнеше бағытта (тарихи-мәдени, сауықтыру және сауықтыру, табиғи) қызмет көрсетіп отыр. Бұдан өзге облыс орталығында бірнеше заманауи қонақүйлер ашылып, жұмысын бастады. «Керуен Сарай» кешені туристердің сүйікті орнына айналды. Сонымен қатар Түркістан қаласының туристік орындары әлемдегі ең ірі Tripadviser.com туристік платформасына еніп, 50 экскурсовод маман дайындалды. Өңірдегі туристік әлеуетті арттыру мақсатында Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Башқұртстан елдерінің БАҚ өкілдеріне және 131 отандық және шетелдік туроператорларға 4 ақпараттық тур ұйымдастырылды. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағы абаттандырылып, келушілер үшін тартымды бола түсті. «Тұңғыш Президент» саябағы қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналды. Туризм саласында халықаралық деңгейдегі жоғары білікті мамандарды дайындау және қызмет көрсету сапасын арттыру үшін облыс орталығында Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылды. Қала аумағында туристік-сауықтыру кешені мен ескек есу базасы мен жасанды көл бой көтеруде. Аталған нысандар келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Төлеби ауданында шаңғы туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу» туристік-сауықтыру орталығы салынбақ. Бүгінгі күні мұнда инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалардың сәтті жүзеге асуы өңірдің туристік мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік пайда болады. Сонымен қатар облыс аумағында 1600-ден астам тарих және мәдениет ескерткіштері бар. Сала мамандарының мәліметінше, облыстың туризм саласы үш бағытта дамитын болады. Атап айтқанда, «тарихи-танымдық» (Түркістан, Кентау қалалары және Бәйдібек, Ордабасы, Отырар аудандары), «Сауықтыру» (Сарыағаш курорты аумағында) және «Экологиялық» (Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандары). Осы шаралардың нәтижесінде облысқа келетін туристер саны 2,5 миллионға дейін артады деп күтілуде. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы облыстың тарихи-мәдени мұрасын республикада және шетелде сақтауға, дамытуға және танымал етуге, туристердің тұруы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бұл Түркістан қаласының туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік бермек.



ПІКІР ЖАЗУ