Түркістан: «е-Өтініш» жүйесінің алғашқы нәтижелері анықталды
«е-Өтініш» бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесі Түркістан облысы бойынша өтініш берушілердің белсенділігі жоғары аудандарды анықтап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ұсыныс-шағымдар көбіне Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары мен Түркістан, Кентау қаласының тұрғындарынан түседі.
Елімізде енгізілген «е-Өтініш» бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесі Түркістан облысы бойынша өтініш берушілердің белсенділігі жоғары аудандарды анықтап берді. Ұсыныс-шағымдар көбіне Кентау қаласы, Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындарынан түседі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында баяндалды. «е-Өтініш» жобасының бұқара мен биліктің байланысын одан әрі нығайтатынын баса айтқан облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жеке бақылауында екенін еске салды. Отырыста облыс тұрғындары тарапынан келіп түскен арыз-шағымдардың қаралу барысы туралы айтылды. Өтініштерді қараудың жаңа форматына көшу аясында проблемалар картасы жасалуда. Облыс бойынша бүгінгі күні 2000 мекеменің 7 мың қызметкері «е-Өтініш» ақпараттық-талдау жүйесімен жұмыс істеп келеді. Жаңа жүйе арыз-шағымдарды жан-жақты жіктеп, талдап берді. Сонымен бірге өтініш берушілердің қалыптасқан әлеуметтік портретін көрсетті. Талдау қорытындысы мемлекеттік органдарға көбіне халықтың әлеуметтік осал тобы емес, тұрмыс жағдайы дұрыс, белсенді бөлігі жүгінетінін анықтап берді. Өтініш білдірген азаматтардың 63 пайызын жұмыспен қамтылған және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық және тек 4 пайызын жұмыссыздар құрайды. Сауалдардың басым бөлігі жер қатынастары, әлеуметтік сала, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері мен білім, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өтініштерді қарау бойынша жұмысты жақсарту үшін тиісті тапсырмалар берді. Барлық басқармалар мен аудандық және қалалық әкімдіктер тарапынан тұрақты, күнделікті мониторинг пен талдау жасауды, сұрақтардың сипаты негізінде проблемалық картаны қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуді және өтініш берушілерге жауап беру кезінде заңдылықты қатаң сақтауды міндеттеді. «Қазіргі таңда тұрғындардың өтінішін тіркеу бойынша жаңа әдіс-тәсілдер қолданылып жатыр. Бірақ біз бұл бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек. Керек болса өзге мемлекеттердің де озық тәжірибелерін алған жөн. Әрбір тұрғынның арыз-шағымы, өтініші жедел назарға алынып, жұмыс жүргізілсе ғана мәселе шешіледі», – деді облыс басшысы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде іске асыру шеңберінде өтініштерді қараудың жаңа форматын қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасуда. Айта кетейік, биыл өтініш берушілермен өзара іс-қимыл моделі түбегейлі өзгерді. Біріншіден, 1 шілдеде мемлекеттік органдар жұмысының сапасына талапты күшейткен жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Мемлекеттік органдар мен өтініш берушілер арасындағы дауларды қарайтын мамандандырылған әкімшілік соттар жұмысқа кірісті. Сонымен қатар өтініштермен жұмыс процестерін толық «цифрландыру» басталды.